Сексен бес жылдық тарихы бар, сұранысқа сай сапалы кадр даярлау ісінде өзіндік орны қалыптасқан білім ордасы өткен жылды маңызды жетістіктермен қорытындылады. Университет Қазақстан Республикасының үздік жоғары оқу орындарының ондығына кіреді. Қазақстанның үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде 8-орында. Ал сұранысқа ие жоғары оқу орындары Ұлттық рейтингісінде 7-орында. Бұл туралы университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова 2020-2021 оқу жылында атқарған жұмыстары туралы есепті кездесуінде баяндады.

ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Бүгінде оқу орнында бакалавриат бойынша 7300 студент, магистратура бойынша 719 магистрант, докторантура бойынша 34 докторант білім алады. Студенттер контингентін қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыс жасау үшін 2020 жылы арнайы Рекрутинг орталығы ашылды. Нәтижесінде білім алушылардың жалпы контингенті 8053 адамға дейін ұлғайып, өсу 52% – ды құрады. 

Бәсекеге қабілетті, қазіргі уақыт талабына сай маман даярлау үшін оқу орнында жаңа бастамалар жүзеге асуда. Өңірге қажетті мамандарды даярлау және жаңа мамандықтар Атласы бойынша 2023-2025 жылдарда пайда болатын жаңа мамандықтарға оқу үдерісінде шетелдік тәжірибеге талдау жасай отырып 6 инновациялық, 1 бірлескен және 49 жаңаланған білім бағдарласы  әзірленіп, Реестрге енгізілуде.

  • Университеттің ғылыми зерттеу жұмысын жалпы қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсті. Биыл университетте жас оқытушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту мақсатында алғаш рет жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы өткізілді. Байқау нәтижесінде 4 жоба жалпы көлемі 10 млн көлеміндегі университет грантын иеленді,-деді Б.Кәрімова.

Білім ордасының ғалымдары облыс экономикасына үлес қосатын жаңа жобалар әзірлеуде.  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қауын чипсын дайындау технологиясын жасап шығарылды. Сонымен қатар, инженерлік бейіндегі зертхана ғылыми қызметкерлері Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп Horizon-2020 бағдарламасы аясында Түйе тікенегінен Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасауға арналған Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды.

  • Сыр өңірінің археологиясын зерттеуге «Археология және этнография» ғылыми орталығы елеулі үлес қосып келеді. Университет археологтары облыс әкімдігінің қолдауымен 2020-2021 оқу жылында Жанкент, Сортөбе, Асанас ортағасырлық қалашықтарындағы қазба жұмыстарын жалғастырды,- деді білім ордасының басшысы.

Студенттік өзін-өзі басқару–болашақ мамандардың университет қабырғасында әлеуметтік белсенділігін көтерудің ең маңызды жолы болып табылады. Университетте 21 жастар ұйымы жұмыс істейді. Спорттың 11 түрінен 21 спорт секциясы жұмыс жасайды. Қазіргі таңда университетіміздің спортшы студенттері арасында 5 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 32 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 53 Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер, 33 Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшелері білім алады.

         Есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Б.Шәменова, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, қала әкімі Ғ.Қазантаев,  облыстық мәслихат депутаты Қ.Бисенов, облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымова, халық қалаулылары, қоғам белсенділері, серіктестер мен түлектер қатысты. қатысты. Сондай-ақ, сала өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылар, БАҚ өкілдері болды.  Шараға  оқытушы-профессорлар құрамы мен барлық университет студенттері онлайн қатысып, сұрақ-жауап берілді.

Университет басшысы «Бұл жетістіктерге ұжымның ауызбіршілігі мен ұйымшылдығының арқасында,  оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз ету нәтижесінде қол жеткізілді» деп қорытындылады.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!