Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова оқу орнында жыл бойы атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлары туралы есеп беру кездесуін өткізді. Кездесу барысында университеттің дамуы, халықаралық рейтингтердегі жетістіктері, цифрлық трансформация және жастарға жасалып жатқан қолдау шаралары жан-жақты баяндады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық трансформация жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында университет толық автоматтандыру үдерісін қолға алды, – деп сөз бастады Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
IT аудит нәтижесінде оқу орнында есептеу қуатын үнемдеу мақсатында бұлтты инфрақұрылымға көшу жүзеге асырылған. Сондай-ақ бесінші оқу корпусы аумағында деректерді өңдеу орталығының құрылысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Microsoft 365 платформасы сатып алынып, басқару процестері электрондық форматқа, оқу процесі гибридті формаға көшірілген. 2025-2029 жылдарға арналған «20 қадам» цифрлық трансформация және киберқауіпсіздік жол картасы әзірленді. Сонымен қатар 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспарына 415 сапалы моноблок алу жоспарланып отырғанын баяндады.
– Бұл шаралар ақылды кампус құруға, операциялық шығындарды азайтуға және университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ректор.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы университеттің халықаралық беделі жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті.
2023 жылы Қорқыт ата университеті алғаш рет QS WUR жаһандық рейтингінде 1201-1400 орын аралығында көрініп, 2025 жылы «4 жұлдыз» сапа белгісін иеленді. Бұл – оқыту сапасы, тиімді басқару, академиялық даму, инфрақұрылым, еңбек нарығына бейімделу, халықаралық серіктестік, қоршаған ортаға әсер және инклюзивтілік бағыттарындағы жоғары көрсеткіштердің нәтижесі.

Сондай-ақ университет QS Asia University Rankings – 2025 рейтингінде Азия елдері арасында TOP 541-560, ал Sustainability 2025 тізімінде TOP 1401-1450 қатарынан көрінді.
– Біздің университет жаһандық бәсекеге қабілетті білім ордасына айналып келеді. Бұл – ұжымдық еңбектің нәтижесі, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
UI GreenMetric рейтингінде университет 1160-орында, ал Times Higher Education Global University Impact Rankings – 2025 жүйесінде 1501+ позициясына тұрақтады. Ұлттық рейтинг бойынша Қорқыт ата университеті НААР өткізген ең сұранысқа ие ЖОО арасында 7 орын иеленіп, республика бойынша ТОП-10 университет қатарына енді. 29 білім беру бағдарламасы республикада үздік үштіктер қатарында. Сондай-ақ университеттің алты білім беру бағдарламасы «Атамекен» палатасының бағалауымен ТОП-10 қатарына енді.
Есепті кездесуде жастар саясаты мен халықаралық серіктестік те ерекше атап өтілді.
– ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек студенттердің сыртқы академиялық мобильділігін дамыту міндетін қойып отыр. Осыған орай кейінгі екі оқу жылында 202 студент шетелдік университеттерде білім алды. Атап айтқанда Польша, Бельгия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан және басқа да елдердің жоғары оқу орындарымен серіктестік орнады. 2024 жылы университет Түрік университеттері одағының ORKHUN бағдарламасына енді, – деді Бейбіткүл Кәрімова.
Жас ғалымдарды қолдау мақсатында университет ішінде бөлінетін грант көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен аталған бағытта 2021 жылы 10 млн теңге бөлінсе, 2024 жылы – 20 млн теңге, 2025 жылы – 30 млн теңге қаражат бөлінген.

Қазір университетте 22 жастар ұйымы мен 11 спорт секциясы жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында республикалық пәндік олимпиадалар бойынша 80 жеңімпаз, ал ЖҚЖБ 32 жеңімпаз шықса, ҚР Президент стипендиясын алғандар саны 26-ға жеткен.
Бүгінде университетте 11,7 мыңнан астам студент білім алады, олардың 40 пайыздан астамы мемлекеттік грант иегері. Сыр өңірінің басты оқу орнында еліміздің барлық аймағынан жастар жиналған. Өзге өңірлерден келген студенттер толықтай жатақханамен қамтамасыз етілген.
Биыл университетте шетелдік студенттер қатары да артқан. Ақылы бакалавриатқа – 687, грантқа – 6 шетелдік қабылданса, тағы 6 шетел азаматы магистратурада оқып жатыр. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерінің азаматтары бар. –
Қандастарымыздың тарихи отанына келіп, тегін білім алуына барынша жағдай жасалып отыр, – деді ректор. Өткен жылы 21 қандас тегін оқуға қабылданса, биыл тағы 24 студентке арнайы грант тағайындалған.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы 2025-2026 оқу жылында білім мен ғылымды ұштастырып, елдің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру бағытында жаңа жобалар қолға алынатынын жеткізді.
– Қорқыт ата университеті тек аймақтың емес, жалпы елдің зияткерлік орталығына айналуы тиіс, – деді университет басшысы.
Кездесу соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Есеп беру жиыны Zoom платформасы арқылы да онлайн форматта тікелей көрсетілді.
Қорыта айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің даму қарқыны білім сапасын арттырумен қатар, халықаралық бедел мен цифрлық мәдениетті қалыптастыру жолында маңызды қадам болып отыр.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!