– Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Соңғы бірнеше жылдың өзінде өңірде 5 жаңа мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында барлығы 494 мектеп бар, онда 112 мыңнан астам бала білім алады. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны – 116, бұл жалпы мектеп санынның 24%.

«Соңғы жылдары облыста мемлекеттік тілде оқытатын 5 жаңа мектеп ашылды. Келесі оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша 22 топ, мектепалды даярлық сыныптары мен 15 мектепте бірінші сыныптар, сондай- ақ 5 колледжде мемлекеттік тілде оқыту топтары ашу жоспарлануда», – деп хабарлады облыстық Білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Зәуре Бәйменова.

Бүгінде аймақтағы 192 балабақша мен 370 шағын орталықта 30 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен 2 – 6 жасқа дейінгі балалардың 89,7% және 3-6 жас аралығындағы балалардың 99,9% қамтылған. Дегенмен кезекте 10 мыңнан астам бала бар.

Білім басқармасының басшысы облыс орталығындағы жаңа ықшамаудандарда 1120 орындық 4 балабақша салу қажеттігін де алға тартты. Бұл балабақша кезегін айтарлықтай азайтады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!