білімді ұрпақ кепілі ме?
Бүгінде балаларды жеке мектепте оқыту трендке айналды. Бұл үрдіс бізге дамыған мемлекеттен келді. Мысалы, Ұлыбританияда жекеменшік мектептердің ерекше мәртебесі бар әрі оқу ақысы өте қымбат, мемлекеттік мекемелер оларды тексермейді, академиялық еркіндік берілген. Ал Финляндияда жекеменшік мектеп тіпті аз. Бұл елде жекеменшік мектептерде мемлекеттік мектепте оқытпайтын сирек пәндерді оқытады. Германияда жекеменшік мектеп жоқтың қасы. Елдің кейбір аймағында халық саны өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы туындағаннан кейін жеке мектеп пайда болған. Соның өзінде де мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан, жекеменшік мектептердің көбі әр отбасы үшін қол жетімді, яғни оқу ақысы арзан. Байқағаныңыздай, шетелде мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында ашылған мектептердің барлығы ата-анасының қалтасы көтеретіндей қолжетімді. Ал біздің елде қалай?
Рас, біздің елде де халық санының өсуіне байланысты кейбір елдімекенде мектеп тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені оңтайлы шешуде мемлекет шетел тәжірибесіне сүйеніп, жеке мектеп ашуды жолға қойды. Қанша жерден тәжірибесі мол, білікті ұстаздың жеке мектеп ашуға ықыласы болса да, қалтасы көтермейтіні белгілі. Сол себепті бұл салаға қалталы кәсіпкерлердің ықыласы ауды. Біздің өңірден де соңғы үш жылда 7 жеке мектеп пайдалануға берілді. Аты жер жаратын жеке мектептердің білім деңгейінің қаншалықты екенін уақыт көрсетеді. Бір анығы, оқу ақысын төлеуге әр ата-ананың мүмкіндігі жетпейтіні белгілі. Қазірдің өзінде ақылы мектептердегі орташа ай сайынғы төлем 40-50 мың теңге аралығында.
– Ішкі істер саласында қызмет атқарған соң, баланың сабағына көп көңіл бөле алмаймын. Баламның спорттық үйірмеге, қосымша жарыстарға қатысқанын қалаймын. Сондықтан жеке мектептің қызметіне жүгінемін. Мектепте бала үш мезгіл ыстық тамақпен, арнайы спорт секциясымен қатар тереңдетілген білім беруімен ерекшеленеді. Ағылшын тілін білуге де басымдық береді. Баланың қарым-қабілетіне қарай үйірмені ұстаздар бекітеді. Жеке мектепте ақшамның көптігінен емес, жан-жақты білімді, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу мақсатында оқытамын, – дейді ата-ана Арай Дүйсенаева.
– Жаңадан бой көтерген сол жағалау мөлтек ауданында тұрамын. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткіздік. Кілтті алғанымызға мәз болғанымыз соншалық, жаңа ауданда мектептің жоғын аңғармаппыз. Ауданда орналасқан «Orda school» мектебі ақылы. Төрт баланы оқытпақ түгіл бір баланы ақылы оқытуға мүмкіндігім жоқ. Осы уақытқа дейін бұл мәселені қаншалықты көтергенімізбен, естір құлақ болмай тұр. Пандемияның кезінде балалар үйде білім алған соң сабыр сақтап күттік. Ал қазір ІІІ тоқсанда балалар мектепке қатынауға мәжбүр. Сондықтан екі мыңнан астам тұрғыны бар ауданға жаңа мектеп пен қосымша білім беретін ұйым ауадай қажет, – дейді Гүлзат Жапалақова.
Рас, көпбалалы отбасы үшін жеке мектепте бала оқыту оңайға соқпайды. Бұрынғыдай емес, қазір балам білімді болсын деген ата-ана еш қаражат аямайды. Қай оқушыны алып қарасақ та, қосымша сабағымен қатар спорттық үйірмеге қатысады. Бұрынғыдай азаннан кешке шейін бірін-бірі қуалап ойнайтын баланы кезіктіре бермейміз. Ал ата-аналардың басым көпшілігі баланы ақылы мектепке қосымша білім үшін береді. Осы мәселені оңтайлы шешуде жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов әлеуметтік парақшасында ата-аналар үшін жағымды жаңалықпен бөліскен еді.
– Мемлекет басшысы Жолдауында қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысу үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берді. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес.
Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болу керек. Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері біз қалағандай көп емес. Сондықтан балаларды қосымша біліммен қамту үшін тиісті жұмысты атқарудамыз. Жақын арада балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалады. Қосымша білім беру жүйесіне оқушылар сарайлары, түрлі үйірмелер, секциялар, көркемөнер және музыка мектептері, жас техник станциялары енеді. Бұл бағыт арқылы бала қосымша білім алып, түрлі дағдысын дамытады. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды, – дейді.
Мұндай қосымша білім беретін ұйымдар мен үйірмелер жеке мектеп, жеке балабақша сияқты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Яғни кәсіпкерлер өз қаражатына мектепке дейінгі білім беру мекемесін салады немесе ғимаратты жабдықтайды, ал мемлекет әрбір балаға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы ақша төлейді. Нәтижесінде мемлекет құрылысқа және материалдық-техникалық базаға жұмсалатын ақшаны үнемдейді. Бірақ осы тұста қосымша білім беретін ұйымдардың қызметі әр балаға қолжетімді болса, игі бастама болары сөзсіз.
P.S. Осыдан он жыл бұрын жеке мектеп ашпақ түгіл балаларды балабақшамен қамту мұң болатын. Бірақ мемлекет «Балапан» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді жеке балабақша ашуға ынталандырып, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Бастапқыда балабақшаға ата-аналар айына 20 мың теңгеден жоғары ақы төлейтін. Балабақша санының артуымен бәсекелестік орта қалыптасып, ай сайынғы төлем де 20 мыңнан 7-10 мыңға дейін төмендеді. Бірақ саны бар, сапасы жоқ балабақша саны артқаны да жасырын емес. Осы тұста жеке мектептердің, қосымша білім беретін ұйымдардың мемлекеттің қолдауымен ашылғанын құптаймыз. Бірақ саннан сапаға мән беріп, білім саласындағы олқылықтың жойылуына септігін тигізсе деген ниеттеміз.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!