Мұнайлы өлке саналатын Сыр өңірінде кен орындарын игеру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінде ғалымдардың алдында мұнаймен ластанған топырақты тазарту технологиясын жасау міндеті тұр.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың ғылыми қызметкерлері атқарады. «Мұнаймен ластанған топырақты биопрепараттармен қалпына келтіру», «Мұнай шламының пайда болуын азайту және оны өңдеу проблемаларын шешу» тақырыбындағы бұл жобалардың жетекшісі – химия ғылымдарының кандидаты, профессор-зерттеуші Нұрбол Аппазов.

-Топырақты мұнайдан тазартуға арналған биологиялық өнім мұнайды ыдырататын бактерия штаммдарынан тұрады. Айта кету керек, бактериялар патогенді болып саналмайды. Бактериялардың потогенді еместігі туралы Микробиология және вирусология институтының қорытындысы берілген және микроорганизмдердің республикалық коллекциясына сақтауға қойылған, – деді «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың жетекшісі, философия докторы (PhD) Нұрғали Ақылбеков.

Университет ғалымдары әзірлеген топырақты мұнайдан тазарту әдісі экологиялық биотехнология саласына жатады. Зертханалық және далалық жағдайларда жүргізілген зерттеулер оң нәтиже көрсетті. Зерттеулер бойынша өнертабысқа патент алынды және беделді халықаралық ғылыми басылымдарда ғылыми мақалалар жарияланды.

Осы бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ,  «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ арасындағы келісімшартқа сәйкес ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілмек.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!