ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының  делегациясы өңірлік ғылымды дамыту мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жетекші ғалымдарымен, облыстық басқарма басшыларымен кездесті.

Делегация құрамы алдымен білім ордасының материалдық-техникалық базасын көріп, ғылыми инфрақұрылымын аралады.

Алдымен «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханадағы коммерцияландыруға дайын үздік жобалармен танысты. Қазір ғалымдар мұнда гранттық қаржыландыру аясында «Жануарлар мен адамдардың әртүрлі ауруларының терапиясында потенциалды белсенді симметриялық және симметриясыз типтегі жаңа орынбасқан каркасты фосфонаттарды жасау» жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, ғалымдар полифункционалды биологиялық белсенді заттар синтезімен айналысуда.

Мұнан кейін «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығын аралады. Орталықта гранттық қаржыландыру аясында «Мұстафа Шоқай мұрасындағы қолжазбалардың тарихи-деректік құндылығы», «М. Шоқайдың мемлекеттілік мұраттары: тарих сабақтары, идеялық сабақтастық» жобалары бойынша зерттеу жүргізілуде.

Делегация «Aрхеология және этнография» ғылыми орталығының жұмыстарымен де танысты. Орталықта гранттық қаржыландыру аясында «Шығыс Арал маңының археологиялық мұраларын өзектендіру (Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жаңа архивтік деректерін жүйелеу)» бойынша жұмыстар іске асырылуда. Сонымен қатар, ортағасырлық Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасты.

Академия өкілдері Т.Д.Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру орталығы, А.Тапалова атындағы «Жалпы және бейорганикалық химия» оқу-зерттеу лабораториясы, А.Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы, К.Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы, ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі М.Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейімен танысты.

Жиында ҚР ҰҒА Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев өңірлік мәселелерді шешуде ғылымның өте маңызды екенін айтты.

«Академия өңірдегі ғылымға айрықша көңіл бөліп отыр. Шараға атқарушы мемлекеттік орган өкілдерін арнайы шақырдық. Ұлттық ғылым академиясы салаға қатысты мәселелерді шешу үшін ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Сол арқылы біз ғылымға да, ғалымға да кең жол ашып береміз», – деді Руслан Ерғалиұлы.

Сондай-ақ, академия делегациясы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, ғылымды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды баяндады.

      Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!