Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы 13 мектепте ұстаздар мен оқушылар жылыжай жұмысын жандандыруда. Оның 5-уі Қызылорда қаласында, 3-уі Арал, 1-і Қазалы, 1-і Шиелі ауданы, 1-і Сырдария, 1-і Қармақшы, 1-і Жаңақорған ауданында орналасқан. Алдағы уақытта Жалағаш ауданынан жаңа жылыжай салу жұмыстары басталады.

Оқушылар мен ұстаздар жылыжайда өнімдерді баптап, түрлі көкөніс өнімдерін өндіруге ниетті. Жұмысты жандару үшін мектеп оқушылары ғылыми бағытта түрлі идеяларды тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті. Мәселен, Қызылорда қаласындағы №101 мектеп-лицейде аумағы 40 шаршы метрді құрайтын жылыжайда гидропоника, яғни өсімдіктерді топырақсыз, жасанды субстратта өсіру әдісі арқылы қияр, аскөк, ақжелкен көкөністерінен өнім алуда. Алдағы уақытта мектеп дирекциясы жылыжайды смарт бағытта дамытуды қолға алмақ.

Ауылдық жердегі мектептерде де жылыжай кешенінде түрлі өнім шығару тәжірибесі кең етек алуда. Айталық, Шиелі ауданы, Алмалы ауылында БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы салынған жылыжайда жылына 500 түп қияр егіліп, шамамен 1 тоннаға дейін өнім алынып келеді. Мұнан бөлек, шалқан, тұрып(редиска), аскөк егіледі. Ал, Арал қаласындағы оқушылар үйі базасында тамшылатып суару әдісі арқылы 30 түп қызанақ, 50 түп қияр егіліп, шыққан өнімдер әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін үлестіріледі.

Мектептердегі жылыжайда көкөністермен қатар жеміс-жидектердің де шығымы жақсы. Мәселен, Арал ауданындағы №73 мектебінде жүзімнің 4 сортынан 30 түп егілген. Оқушылар алғашқы өнімді биыл ала бастайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!