Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында ұстаздар күніне арналған «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты жиынға қатысты.
Шараға білім саласының ардагерлері, директорлар, мектеп мұғалімдері мен жас педагогтар шақырылды.
Төл мерекеде аймақ басшысы еңбегімен елдің құрметіне бөленген педагогтарды құттықтап, бала жанының тәрбиешісі атанған ұстаздардың жұмысын жоғары бағалайтынын тілге тиек етті.
«Қиындықпен бетпе-бет келген осындай сындарлы кезең мұғалімдерге де оңай тиген жоқ. Ұстаздарымыздың жаңа технологиялармен байланысты дағдыларды тез игеріп, тосын жағдайға шұғыл бейімделуіне тура келді. Ата-аналар да өз кезегінде ұстаздар қауымына қолдауларын білдірді. Бүгінгі мерейлі сәтті пайдалана отырып, барлық кедергілермен қиындықтарға қарамастан, жаңа ғасырдың зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген Ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін. Мұғалімге қолдау көрсету – әрдайым біздің басты назарымызда. Биыл білім беру саласына облыс бюджетінің 45 пайызы, яғни 171 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көтеруді тапсырды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы облысқа республикалық бюджеттен 32 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы жылдарда бұл өз жалғасын табатын болады. Сәйкесінше ұстаздарға қойылатын талап та күшейеді. Сондықтан, білім сапасының жоғары деңгейде болуы аса маңызды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір басшысы ұстаздарға арналған ыстық лебізінен соң, отандық білім саласына елеулі үлес қосқан тәжірибелі ұстаздарға түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады.
Ұстаздар басқосуында Ы.Алтынсарин төсбелгісімен Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы, №277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ақзия Байтөреева, Қызылорда қаласындағы «№176 орта мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадіркүл Шаймағанбетова, «ORDA SCHOOL» мектебінің директоры Рауаш Алиева, М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің математика пәнінің мұғалімі Ғазиза Суханбердина және «№ 10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын марапатталды.
Мұнан бөлек, 2 сала қызметкеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, 2 ардагер ұстазға «Еңбек ардагері» төсбелгісі тасбысталды. Ал 11 педагог «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісімен» марапатталды.
Ерекше айту керек, өткен жылдан бастап конкурстық негізде үздік ұстаздарға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаржылай сыйақы табысталды. Биыл да 10 ұстаз «Үздік педагог-2021» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, 875 мың теңге көлеміндгі қаржылай қолдауға ие болды.
Салтанатты рәсім арнайы концерттік бағдарламамен жалғасып, төл мереке иелері үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Ақбота Керімбекова, Төреғали Төрәлі, Кенжебек Жанәбілов әннен шашу шашып, Сыр еліне деген ыстық ықыластарын білдірді. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар мерекелік тарту жасады.
Айта кетейік, бүгінгі күні өңірде 22 мыңнан аса мұғалім қызмет етсе, оның 94,2 пайызы жоғары білімді педагог.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!