Әрбір оқу орнындағы білім алушылардың жан-жақты дамуына, сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдап үйренуіне барынша мүмкіндік жасалу қажет. Бұл ретте мектептер мен колледждерде дебат қозғалысын қайта жаңғыртудың ықпалы зор. Осыған орай аймақтағы білім беру ұйымдарында бүгінде мектеп директорлары мен оқушылар, студенттер арасында дебат қозғалысының жұмысы жандануда. Осы бағытта облыста алғаш рет «Өңірлік дебат» лигасы құрылып, оның жобалық бағыттары айқындалды.
Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет жаңадан құрылған өңірлік дебат лигасының мүшелерімен кездесіп, оқушылар мен жастар арасында пікірсайыс қозғалысын дамыту, жетілдіру бағытындағы атқарылатын жұмыстарды талқылады.
Басқарма басшысының айтуынша, лиганы құрудағы басты мақсат – оқушылардың сыни ойлауын, толентарлығын, ораторлық шеберлігін, серіктестік қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беру болып отыр.
«Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектеп және студенттік дебат қозғалысын дамыту, дебат клубтарын біріктіру мақсатында өңірлік лига құру жөнінде тапсырмалар берілген болатын. Осыған орай бүгін өңіріміздегі пікірсайыс қозғалысын дамтыуда өз үлестерін қосып жүрген өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Алдағы уақытта лига жұмысын дамыту бағытында жұмыстарды өздеріңізбен бірлесе отырып атқаратын боламыз», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Лига мүшелерімен өткізілген кездесуде дебатшылар өздерінің ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Пікірсайыс ойындарының телевизиялық нұсқасын қолға алу, сондай-ақ, мектеп директорлары мен мұғалімдер арасында да ойындарды өткізу мәселелері де қамтылды. Осылайша биылғы жаңа оқу жылынан бастап аймағымыздағы дебат жұмыстары жаңаша бағытта жүргізілмек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!