Облыс орталығының шет аймақтары кеңейіп, оларға қоныстанушылар саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі Қызылорда қаласының «Бәйтерек» шағын ауданы инфрақұрылымы жеткізілген, қанатын кең жайған елді мекенге айналды.
Бүгін Қызылорда облысының 85 жылдығы және Мұғалімдер күні аясында «Бәйтерек» шағын ауданындағы №287 орта мектеп ел игілігіне табысталды. Жаңа білім ордасы облыс орталығындағы үш ауысымда білім беретін №261, №280 мектептердегі оқушылар жүктемесін азайтады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы екі жылда 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның бесеуі облыс орталығында бой көтереді. Бұған дейін қаламызда бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,3 млрд. теңгенің 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы құрылысы жақын күндері басталады. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын музыкалық колледждің жаңа ғимараты құрылысын қараша айында бастап, ауыл балаларына арналған 900 орындық 4 мектепті жыл аяғына дейін табыстаймыз», – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов жерлестерін жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев бата берді.
Бүгінде облыс бюджеті 604,1 млрд. теңгеге жетсе, оның білім саласына бағытталған бөлігі 260 млрд. теңгені құрады.
Облыс мектептеріне жаңа оқу жылында 180 мыңнан аса оқушы келді, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің саны 17 мыңнан асты.
2022-2023 оқу жылында облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 7 219 түлектің 4 973-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың саны алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 885-ке көбейген. Биыл өңірге қажетті мамандықтар бойынша 100 түлекке облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 85,2 млн. теңге қаржы бөлінді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!