Қызылорда қаласындағы NIS-тің  ұстаздары, оқушылары және ата-аналары мектеп ауласына абаттандыру және көгалдандыру  акциясын ұйымдастырды. 

«Ағашты жердің ырысы мол» демекші, мектеп қауымдастығының қолдауымен 300-ге жуық терек, 200 қарағаш талы және 200 хризантема мен 200 сентябринка гүлі арнайы белгіленген аумақтарға егілді.  Ал спорт алаңының жанына отырғызылған 50 дана бұталы қоршау келешекте мектеп аумағына көрік беретін болады.  

«Өткен жылы да мектеп ауласына 800-ге жуық тал егілді. Биыл сол дәстүріміз жалғасын тауып жатыр. Көгалдандыру шаралары  аймақты гүлдендіріп қана қоймай, мұғалім-оқушы-ата-ана үштік одақ арасындағы байланысты нығайтуға өз септігін тигізеді», – дейді Зияткерлік мектеп директорының орынбасары Ербол Қайнарбаев. 

Ер азаматтар арықтарды қоқыстан тазалап, жер аудару, топырақты тал отырғызуға дайындаса, қыздар арам шөптерді тазалау, суару жұмыстарын үлкен белсенділікпен атқарды. Екі буын арасындағы  байланысты еңбек арқылы жақындастырған акция көңілді әрі пайдалы өтті. 

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Бүгін барлығымыз ерекше көңілмен жаппай сенбілікке қатыстық. Ауа-райы да керемет болды. Өз отбасымыздың атынан мектепке 3 сирень, 2 сакура талын сыйға тарттық.  Мектеп көркейе берсін, қаламыз гүлдене берсін», – деп тілегін жеткізді ата-ана Жанар Манахбаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!