Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова білім мен ғылым, өнер салалары бойынша халықаралық, республикалық деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізген оқушыларды қабылдады.
Еске сала кетейік, №9 дарынды балаларға арналған облыстық “Білім-инновация” лицей-интернатының түлектері Мұхаммедәли Ширниязов, Елнұр Хамзин, Нұрсұлтан Атымтай және №2 “Мұрагер” мектебінің түлегі Бақдәулет Жарылқасынның SAT нәтижелері ҰБТ балдарына ауыстырылып, 140 баллмен теңестірілген болатын. Сонымен қатар, Мысыр елінде өткен халықаралық математика-арифметика олимпиадасында №3 IT-лицейдің 4 сынып оқушысы Тоғжан Абдрахманова бақ сынап, бірінші орын – “Алтын кубокты” иеленіп, Дубайда өтетін «Юниор біріншілігіне» жолдама алған еді.
Сондай-ақ Сыр елінің атын әлемге танытып келе жатқан «Бриллиант дауысты» жас әнші Дінмұхамед Төлеубай жақында «Славян базары» халықаралық фестиваліне қонақ ретінде қатысып, өз өнерін көрсетіп келді. Дінмұхамед осы кезге дейін «АРТ-парад в Витебске», Diamonds voice, Спивограй секілді т.б түрлі халықаралық ән байқауларында гран-при иегері болды.
Басқарма басшының қатысуымен өткен кездесу аталған Сыр таланттарының басын қосты.
“Сендердің үздік атанған жетістіктеріңнің барлығы ұстаздар қауымының еселі еңбегінің арқасында екенін атап өткім келеді. Біз өз тарапымыздан оқушыларымыздың өздерін күллі әлемге таныта отырып, халықаралық байқауларда және білім көрсеткіштерінде үздік нәтиже көрсетуі үшін жағдай жасауды жалғастыра беретін боламыз», – деді басқарма басшысы.
Қабылдауда білім, өнер салаларындағы жаңа есім иелеріне арнайы марапаттар мен сыйлықтар табысталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!