Бой емес, ой жарыстыратын заманның басты кейіпкерлері – жаңалыққа жаны құштар, бі­лім көшінен қалмайтын, ағыс­қа қарсы жүзуге қауқарлы бү­гін­гі буын. Өңірдің озық ой­лы жастары ел ертеңіне тіке­лей әсер ететін елеулі жо­ба­ларды қолға алып, түр­лі инновациялық идея­лар байқауында, респуб­ли­калық ғылыми жоба­лар­да жүлдесіз орал­май­ды.

Жақында Астанадағы IT университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары жүлделі І және ІІ орындарды иеленді. Республикалық білім бәйгесінде жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің жүздеген білім алушыларынан озып шыққан Жұлдызай Мұңайтбасова қазылар алқасына Arduino платформасында жасап шыққан медициналық құрылғысын ұсынды. Айта кетейік, ол әзірлеген электрокардиограф үй жағдайында жүрек жұмысының ауытқуын және ауруларын анықтауға мүмкіндік береді. Жас өнертапқыштың бұл идеясы республиканың әр өңірінен келген оқушылардың ұсынған жобасынан озық шығып, үздік үштіктің қатарынан табылды. Осылайша зияткер ару «Astana IT University»-нің толық оқу грантын жеңіп алды.
«Зияткерлік мектепке оқушылардың барлығы іріктеліп келеді. Айналамда, сыныбымда да жүзден жүйрік шыққан, өзінің білімін дәлелдеген, талантты, өнерлі жастар көп. Бәсекеге қабілеттілікті мектепте жүріп-ақ қалыптас­тырып жатқаны­мыз үшін қуаныш­тымын. Бүгінгі байқау да – соның дәлелі. Мектепте бірнеше тілді меңгерумен, орта білім берумен қатар жаның қалаған салаға бет бұрып, ғылыми, техни­калық идеяларды іске асыруға, жоба ретінде ұсынуға мүмкіндік бар. Ұстаздары­мыздың қолдауы мен беретін күш-жігері де ата-анамыздың қолдауынан кем емес. Сондықтан осындай сапалы, саналы орта мен білім алуға жағдай барында, неге қоғамға, өңір тұрғындарының өмірін жақсартуға пайдалы дүниелерді жасамасқа?! Бұл біздің алғашқы байқауымыз емес. Алдағы уақытта тағы да тың жаңалық жасап, түрлі технологияны ойлап табатын боламыз», – дейді зияткер қыз.
Ал екінші орынды иеленген НЗМ-нің 11 сынып оқушылары Назгүл Ыдырыс пен Еңлік Мұратбек егін алқаптарын бақылау және өнім көлемін болжау технологиясын ойлап тапқаны үшін жүлдегер атанды. Айтуларынша, бұл автоматты жүйе егіншілердің жұмысын оңтайландырып, арттыруға мүмкіндік береді.
– Оқу­шы­ларым құрас­тырған автомат­ты қондырғы топырақ пен ауа темпера­турасын анықтап, судың мөлшері бойынша ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер радио арқылы қабылдағышқа жылдам жеткізіліп, ауылшаруашылық саласын жандан­дыруға септігін тигізеді. Үздіксіз ізденісте жүретін шәкірт­терге қолдау көрсетіп, идеясын іске асыруына көмектесуге әрдайым дайынмын. Ұстаздан шәкірттің озғаны – қуаныш, – дейді жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.
Айта кету керек, республикалық IT жобалар додасында «Smart City технологиялары» тақырыбында 100-ге жуық инновациялық жұмыс ұсынылып, 28 өнертабыс ақтық кезеңге өткізіліп, қазыларға таныстырылды. Жақсы идея – жарты жаңалық. Аз уақыттан кейін тұлпар мініп, ту көтермей-ақ білім бәйгесінде топ жарған ең үздік идея иелерінің жобалары жарыққа шығатын болады. Өңірде Мағжан бабамыз сенген жастардың бір толқыны туып келеді. Демек, ел ертеңіне деген үміт, баянды болашаққа деген сенім бар.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!