Жалпы білім беретін пәндер бойынша NIS оқушылары арасында өткен желілік ғылыми жобалар байқауында қызылордалық зияткерлер жеті ІІІ орын және бір І орын жеңіп алды.
Қола жүлдегер атанған 10-сынып оқушылары Сания Мұратова мен Жансая Өтепбергенова егін алқаптарын суаруда автоматтандырылған жүйені қосуды ұсынады. Жас ғалымдар жасаған агроплатформа егіс алқаптарын оңтайлы суару мәселесін шешеді және ең бастысы су ресурстарын үнемдейді.
Ал 11-сынып оқушысы Еңлік Мұратбек пен Назгүл Ыдырыс егін алқаптарының өнімділігін бақылау және өнім көлемін болжау технологиясын ойлап тапты. Бұл автоматты жүйе егіншілердің жұмысын оңтайландырып, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Автоматты қондырғымыз топырақ пен ауа температурасын анықтап, судың мөлшері бойынша ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтерді радио арқылы қабылдағышқа жеткізіп, ауыл шаруашылық саласын жандандыруға септігін тигізеді», – дейді жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әділжан Науан.
Мал шаруашылығын цифрландыру бағытында тың идеяларымен үздік танылған Нұрдаулет Әділбек пен Аружан Мұхамбетия ауланы тазарту, қалдықтарды нығыздау, жемді ұнтақтау және тарату қызметтерін адам басқаруынсыз автоматты түрде орындайтын бағдарлама ойлап тапты.
Жалпы еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық жоба авторлары бәйгеге түскен сайыста сырбойылық зияткерлер IT саласы, қоршаған ортаны қорғау, техника, механика, қолданбалы математика және «Туған елге тағзым» бағытында өнертабыстарын таныстырып, сегіз жүлделі орынға ие болды.
Атап айтқанда, Сания Мұратова, Жансая Өтепбергенова – ІІІ орын (жетекшілері: Мұхтар Әбілмаев, Айбек Қиянбеков), Еңлік Муратбек, Назгүл Ыдырыс – ІІІ орын (жетекшілері: Әділжан Науан, Серік Ахметов, Мади Жұматаев), Жанайым Сәлімжанқызы – ІІІ орын (жетекшілері: Сәндігүл Сүлейменова, Сәкен Сүлейменов), Бекжан Бектұрған – ІІІ орын (жетекшісі: Нұрбол Уақбаев), Даяна Хегай – ІІІ орын (жетекшісі: Мақпал Cерікбол), Нұрдаулет Әділбек, Аружан Мұхамбетия – ІІІ орын (жетекшілері: Анар Кенесары, Серік Ахметов), Жанар Сабихан Жанар – І орын (жетекшілері: Женісбек Жалмұрзаев, Сәкен Сүлейменов), Айхан Орынбай – ІІІ орын (жетекшісі: Күлжақан Өксікбаева, Қуандық Әскербеков).
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!