Елімізде ең көп рефор­ма­ланып, жиі сынала­тын сала – білім беру. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағам­бе­тов­тің айтуынша, реформа белгілі бір проблеманы шешу үшін ғана жасалу қажет. Бұл барлығының астаң-кестеңін шығару деген сөз емес.
«Реформа министрдің қалауы бо­йынша емес, ғылыми зерттеулер мен тал­қылаудан кейін болуы керек. Мен осы жылы ғылыми зерттеулер мен басқа да жұмыстарсыз реформа жасауға болмайтын заң енгіздім. Аяқ астынан бәрін құртып, жаңасын қоямыз деуге болмайды. Кітаптың ішінде қате кетті екен деп бәрін түгелдей ауыстыра алмаймыз. Себебі барлық кітапты толық қайта өңдеуге 400 млрд теңге кетеді. Тек кітап ауыстыруға. Мен істейтін реформа кадрларға қатысты» деген болатын өз мәлімдемесінде министр. Ұстаздар күніне орай осы өзгерістер мен көптің көкейінде жүрген мәселелерді, жаңашылдықтарды тарқатсақ.

ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
Мұғалімдер бұдан былай жұмысқа конкурс арқылы қабылданатыны хабарланды. Осыған орай арнайы бұйрық шықты. Нормативтік құжатқа негізделген конкурстың талаптарын тиісті министрлік таныстырды. Десе де қоғамда «Мектепке кірудің «ставкасы» бар ғой. Бұрынғыдай бір директорды емес, енді комиссия мүшелерін де разы қылуың керек шығар» деген пікір қаптаған болатын. Министр де мұны жоққа шығармайды. Жақында Асхат Аймағамбетов мұғалімді жұмысқа қабылдайтын кезде мектеп директорлары пара алатынын ашық айтты және бұл кеселмен күрес жайын шет қалдырмады. Айтуынша, бүгінде жеті мыңнан астам мектеп пен 500 мыңға жуық педагог бар. Әрине, барлығында бұл мәселе бар демейміз, десе де ол кең таралған.
– Педагог құжат тапсырады, вакансияға сай критерийлер мен талаптар болады, әрбір критерий үшін ұпай қойылады. Әрбір үміткер ұпайды өзі есептеп, құжаттарын тіркейді және электрондық жүйе арқылы жібереді. Комиссия оның баллын ала алмайды. Егер үміткердің критерийлері расталса, ең көп ұпай жинаған адам жұмыс орнын алады. Бұл әділ таңдау жасауға мүмкіндік береді, – деді министр.
Мұғалімдерді аттестациялау да электронды форматқа көшпек. Егер педагог бұрын тек портфолио тапсыратын болса, қазір олар пәнді және әдіснаманы, оқыту әдістемесі бойынша тест тапсырады. Ұстаздар тест тапсырады, екінші турға өтеді, портфолиосын көрсетеді, тек содан кейін шешім қабылданады.

САҒАТ КӨБЕЙЕДІ, ЖАЛАҚЫ АРТАДЫ
Биыл мұғалімдердің орташа жалақысы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 312 мың теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда ол 25 процентке өскен. Бұл ретте ең көп табыс табатын – пән мұғалімдері.
– Біліктілік санаты үшін педагог-модераторға лауазымдық жалақысының 30%, педагог-сарапшыға – лауазымдық жалақысының 35%, педагог-зерттеушіге – 40% лауазымдық айлықақы және оқытушы-магистрге 40% мөлшерінде ақы төленеді. Келесі жылы мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру жоспарлануда. Ол 2025 жылға дейін жыл сайын тоқсанға ұлғаяды, – делінген Қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің мәліметінде.
Жақында тағы бір сүйіншілейтін жаңалық тарады. Енді математика, физика, химия, биология пәндерінің сағаты көбейтіледі. Сондай-ақ оқу бағдарламалары да жаңартылады. Мұғалімдерге қосымша курстар ұйымдастырылмақ. «STEM» білім беру тәсілдеріне негізделген жаратылыстану-математика пәндерін оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар 10-11 сыныптардағы ағылшын тілі сағатын көбейтуге баса мән берілмек.
«2024 жылдан бастап 3-сыныпта екі-ақ сабақ болатын болса, 3-сыныпта 3 сабаққа дейін көбейтеміз. Бұл халықаралық талаптарға сай болады. 10-11 сыныптарда қазіргі уақытта 3 рет сабақ болатын болса, енді 5 күндік форматта ағылшын тілі күнде болатын болады», – деді Оқу-ағарту министрі.
Бұған қоса Ашық НҚА» сайтында министрдің «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы» 2018 жылғы бұйрығының күшін жоюды көздейтін құжаттың жобасы талқылауға шығарылды. Қоғамдық талқылаудың мерзімі 5 қазанға дейін белгіленген. Халық қолдаса, сабақты алып тастайды. Талқылаудан кейін бұйрыққа қол қойылады. Осы құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске салсақ, «Өзін-өзі тану» мектептердегі міндетті пән тізімінен шығарылған еді. Ведомствоға пәнді мектеп бағдарламасынан шығару туралы ұсыныстар келіп түскенін министрлік хабарлаған болатын. Пән алғаш рет 2001 жылдан бастап сынақ жоба ретінде Қазақстанның мектептеріне енгізіле бастады. 2010 жылдың басында «Өзін-өзі тану» пәні 10500 білім беру мекемесінің 184-інде оқытылды. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап «Өзін-өзі тану» міндетті пән ретінде енгізілді.

МӘСЕЛЕ БОЛСА, ҚОҢЫРАУ ШАЛЫҢЫЗ!
Ашықтықты қамтамасыз ету, білім беру саласында жемқорлыққа қарсы саясат жүргізу тек министрлік емес, барлық білім беру мекемелеріне жүктелген ортақ міндет. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі 1450 нөмірі бойынша білім беру мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының жұмысын жолға қойды. Қазір байланыс орталығына 1 200-ден аса адам қоңырау шалып үлгерген.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін жұмыс істейді. Демалыс күндері – сенбі және жексенбі. Өңірлік білім басқармалары бірыңғай байланыс орталығына екінші желі арқылы қосылған. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер оны шешу үшін бірден білім басқармаларына жіберіледі.
Азаматтарды көбінесе балабақшадан орын алу үшін кезекке қалай тұру керектігі қызықтырады екен. Бұл мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жүргізеді. Сондай-ақ ең өзекті тақырыптар – білім туралы құжаттарды қалпына келтіру, мектептегі тамақтандыру, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстыруға қатысты мәселелер.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!