Шымкент қаласында еліміздегі дарынды балаларды анықтау және қолдау көрсету мақсатында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11(12) сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар конкурсы өткізілді. Республикалық байқауды ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Конкурс 16 бағыт бойынша 4 секцияны қамтыды. Еліміздің барлық аймағынан 749 дарынды оқушы қатысып, 596 жоба ұсынды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен 2021 жылы бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіткен. Жоспар аясында жүйелі түрде аймақтық деңгейде түрлі ғылыми конкурстар мен пәндік олимпиадалар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, 2021 жылы Қарағанды қаласында ұйымдастырылған Президенттік олимпиада жүлдегерлеріне университет 10 тегін оқу грантын ұсынған болатын.
Республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарды марапаттау шарасына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қатысып, 10 тегін оқу грантын табыстады. Комиссия шешімімен Жамбыл, Шымкент, Түркістан, Қарағанды және Қызылорда аймақтарынан келген үздік оқушылар университет грантын иеленді.
Алдағы уақытта оқу орны тарапынан осындай республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурс жеңімпаздарына 30 грант бөлу жоспарда бар. Бұл қадамдардың негізгі мақсаты университеттің стратегиялық жоспарына сәйкес дарынды жастарды оқу орнымызға тарту болып саналады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!