Қазір компьютер мен интернет кез келгенімізге қолжетімді. Себебі біз қарқынды дамып келе жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Amazon, Apple, Facebook, Google, Huawei, IBM, Microsoft сандық өнімдерінсіз өмірді елестету қиын. Бұл тізім күн сайын өзгеріп отыр. Білім саласында да ақпараттық технологияларға көңіл бөлініп келеді. Технологиялар информатика, педагогика, коммуникация, сондай-ақ әлеуметтік ғылымдар ресурсын біріктіріп, оқыту процесін тиімді ұйымдастыруға, оны басқаруға мүмкіндік сыйлауда.
Ғалымдардың болжамынша, болашақтағы оқушылар кез келген пән бойынша білімін барынша жылдам арттырады және мәтіндік форматтан бейненұсқаға бейім болады. Бүгіннің өзінде ақпарат іздеу және жаңа қызметті игеру үшін интернет-ресурстарды пайдаланатын оқушылар санының қарқынды өсіп келе жатқанын байқаймыз. Осы фактордың салдарынан балалар жасанды интеллектке тікелей сұрақ қойып, мультимедиялық форматта жауап алуына жол ашылады. Бұл орайда мұғалімдер балалардың қызметін жоспарлауға көмектесетін тәлімгер рөлін атқармақ. Біз бұдан алыстай алмаймыз.
Деректерге қарасақ, 2-3 жыл бұрын Джорджия технологиялық институтының профессоры Ашока Гоэля өзінің көмекшісі ретінде жасанды интеллектті жалдаған. Ол оған әлем бойынша 400-ден астам студентті тиімді басқаруға мүмкіндік берді. «Көмекші» күрделі студенттік сауалдарды тарқатып, педагогтың жұмысын жеңілдеткен. Әртүрлі гуманоидтық роботтар Оңтүстік Корея мен Жапонияда да тіл үйрену үшін қосымша ресурс ретінде пайдаланылады. Зерттеулер көрсеткендей, роботтарға сенімсіздік, шаршау секілді дүниелер жат әрі олар шаршамайды. Бұдан бөлек, 2 жыл бұрын Орталық Флорида университетінің Коммуникация және БАҚ мектебінің зерттеушілері алдына жаңа міндет қойған. Олар оқушылардың жасанды ассистентті қалай қабылдайтынын зерттеуге кіріскен.
– «Адам мен компьютердің өзара іс-қимылы туралы халықаралық журналда» жарияланған кейбір нәтижелер жасанды интеллекттің педагог рөліндегі басты қасиеттері – қарым-қатынастың тиімділігі мен қарапайымдылығы болуға тиіс екенін көрсеткен. Әзірге виртуалды сыныпқа өткен мектептердің нәтижесі көңілге қонымсыз.Студенттердің жасанды интеллект-мұғалімдерге қалай қарайтынын түсінген соң әзірлеушілер оларды білім беру процесіне енгізетіндей етіп жобалай алады деген үміт бар, – деп есептейді жобаның жетекші авторы, мектеп доценті Джихён Ким.
Жасанды интеллект жұмыстың көп бөлігін өзіне алады. Бұл білім беру процесінде компьютер мен ақпараттық технологияларды пайдалану дәстүрлі білім беру жүйесімен интеграциялануы мүмкін дегенге саяды. Бірақ қай кезеңде де мұғалім әр оқушыға эмоциялық қолдау мен қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Заманауи технологиялар қаншалықты тез дамыса да, балаларды сапалы оқыту үшін, ең алдымен, мектептің жайлы ортасы маңызды, өйткені бұл білім жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен бірге технологиялар материалды неғұрлым нақты және жеңіл түсіндіруге көмектеседі. Дәстүрлі және заманауи оқытудың дұрыс үйлесуі ең жақсы нәтижеге жеткізеді деп санаймын.
Г.ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Педагогикалық шеберлік орталығының тренері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!