nege.kz

Таразда полицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Әлішер Ермеков пен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаева бір отбасын ажал аузынан аман алып қалды.

 Оқиға 6 наурыз күні сағат 22:00 шамасында болды. Тараз қаласы ПБ 2-ші полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермековтың айтуынша, ол мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаевамен бірге оқушының сабаққа келмеу себебін білу үшін оның үйіне келген. Мектепке келмеген 8 жасар баланың ата-анасы қоңырауларға жауап бермеген.

Көршілерінің бұл отбасыны бір тәуліктен бері көрмегені анықталады. Үйдің есігін де ешкім ашпайды. Сол сәтте полицей көршісінің рұқсатымен қоршаудан секіріп, үйдің аумағына кіреді. 

«Үйдің терезесінен еденде ес-түссіз жатқан баланы көрдік. Мен ойланбастан терезені сындырып ашып, бөлмеге беттедім. Үйден өткір иіс сезілді. Отбасы мүшелерінің улы газға тұншыққанын түсіндім. Бірден газды өшіріп, барлық терезелерді аштым», — дейді Ермеков.

Полицей 58 жастағы отағасын, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздары мен 8 жасар ұлын сыртқа алып шыққан.

Бәрі дін аман, олардың өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Сәл кешіккенде, отбасы мүшелері түгел қайтыс болатын еді, дейді дәрігерлер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!