Елімізде ұстаздар оқушылардың ораза ұстауына қарсылық танытуда. Айтуларынша, ораза ұстаймын деп ұйқысы қанбай, қарны ашқан балалар сабақ оқуды қойған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Мектеп мұғалімдері ораза кезінде сабаққа салғырттық танытып, ұйықтап қалатын оқушылар  қатары тым көбейгенін айтады.  

“Қазіргі күнде мектеп оқушыларының, әсіресе бастауыш сыныптан бастап ораза ұстайтындардың саны көбейген. Бұл шын мәнінде сабаққа үлкен кесірін тигізеді. Бала таң сәресінен кейін бірінші ауысымда оқыса, ұйықтап қала береді. Тіпті сабақ үстінде де ұйқылары қанбай отырады”, – деді педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразақынова.

Бас мүфти бұл тұрғыда балаға бірінші білім алу керек екенін басып айтты. Айтуынша шариғатта балиғат жасына толмаған балаларға ораза ұстау міндеттелмеген.

Он екі жасынан ораза ұстаған Жеңіс дене шынықтыру сабағында мұғалімдер түсіністікпен қарайтынын айтады. 

“Оразаны 7-сыныптан бері ұстап жүрімін. Осымен үшінші жыл. Ең бірінші ұстаған оразам маусым айына түсті. Кішкене қиын болды. Ал қазір наурыз айна түскендіктен жеңіл өтуде. Сыныпта он шақты бала ауыз бекітеміз. Сабақ кезінде ұйқым келмейді. Бірақ кейде шөлдеймін”, – деді Жеңіс. 

Педиаторлар дене бітімі енді қалыптасып, жетіліп келе жатқан жеткіншекке уақытылы тамақ ішіп, ұйықтау міндетті екенін айтады.

“Медицина тұрғысынан жасөспірімдерге ораза ұстағанды біз құптамаймыз. Себебі жасөспірімдер дамып жатқан, өсіп жатқан, жас организм екенін естен шығармау керек”,- деді Раушан Күлжабаева. 

Осы орайда көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Бірі: “Негізі қарсымын. Ол бала ғой, балалық шағы болуы керек. 13 жаста балиғат жасы бар. Сол кезде болады” десе, енді бірі: “Адамның бес парызы бар ғой, оны жас та, кәрі де ұстауы керек”,- деп түйіндеді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!