Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің ғылым саласының тұралау себептеріне тоқталды, деп хабарлайды Kazinform.
«Ғылым саласында 1 жылдың ішінде атқарылған жұмыстарды 4-5 үлкен бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – ғылымды басқару немесе әкімшілік жүйесі. Өкінішке орай, соңғы 20-30 жылда ғылым саласы өте қиын, мүшкіл жағдайға тап болды. Неліктен? Ең алдымен 90-шы жылдары қаржыландыру тоқтап қалды. Бір ғана факті келтірейін. 90-шы жылдары, КСРО кезінде республиканың ішкі жалпы өнімінің 0,84 пайызы, яғни, 1 пайызға жуығы ғылымға бөлінген. Бұл – жалпы халықаралық тәжірибедегі негізгі басты ұстаным. Ғылымыңызды дамытқыңыз келсе, кемінде ІЖӨ-нің 1 пайызын бөлу тұру керек. 90-шы жылдардың басында келген екінші үлкен соққы КСРО кезінде Қазақстанда ресми тіркелген 52 мың ғылыми зерттеуші қызметкер болған еді. 2000-шы жылдары, 10 жылдың ішінде 12 мың ғана ғылыми қызметкер кетіп қалды. Яғни, 40 мыңға жуық ғалымымызды жоғалттық. Түрлі себептері бар. Нарыққа, бизнеске, түрлі компанияларға, мемлекеттік қызметке, шетелге кетті. Яғни буын сабақтастығы үзілді. Бірінші буын Сәтбаевтар, екінші буын Айтқожиндар болса, олардың 80-90 жылдары ғылым сахнасына шыққан үшінші буын шәкірттерін 90 жылдары жоғалтып алдық», – деді министр Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, бірнеше ғылыми мектебімізді жоғалту да үлкен соққы болды.
«60-70-80-ші жылдары қалыптасқан металлургия, ауыл шаруашылығы, генетика, селекция, микробилология саласындағы ғылыми мектептер қатты әлсіреді немесе жоғалды. Сондықтан да министрліктің бөлінгені (Білім және ғылым министрлігінің Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім минитрліктеріне бөлінуі) өте дұрыс шешім болды. Шын мәнінде қазір ғылыми зерттеу институттарымен нақты күнделікті айналысуға уақыт та, ресурс та бар. Мәселен, 1 жылдың ішінде бүкіл ғылыми-зерттеу институттарын, мемлекеттік ЖОО-ларды аралап шықтым», – деді Саясат Нұрбек.
Министрлік Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес құрылғанын, бұл халықаралық тәжірибеде көптеген елде бар екендігін айтады.
«Яғни, қазір ғалымдар тікелей Президентпен сөйлесуге, өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік алып отыр. Бірінші отырысымыз 12 сәуірде өтті. Енді екінші отырысқа дайындалып жатырмыз. Ұлттық ғылым академиямыз да жаңа мәртебесін алды. Мықты ғалым Күнсұлу Закарья президент болып тағайындалды. Жалпы, бұрын әлсіреп қалған Ұлттық ғылым академиямызды қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Президент қазір тікелей академияға назар аударып, тапсырмалар беріп отыр. Өзінің бөлек бюджеті, мәртебесі бар», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!