Білім – кемел келешектің кепілі екеніне ешкім күмән келтірмейді. Оқу адамды ойлы ететінін алға тартсақ, білімнен қол үзгеннің болашағы бұлыңғыр болатыны белгілі. Білім шырағын сөндірмеген жас ғана қараңғылық құрсауынан шығып, жарқын өмірге қадам басады. «Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар» деп Ғ.Мұстафин айтпақшы, ойы тұнық оқушылар әлдеқашан жоспарын жүйелеп тастаған. Сондықтан болар, ұлттық бірыңғай тестілеуде ұтқырлық танытып, олимпиадада олқылық танытқысы келмейді.
Мақсат-мұратына білім баспалдығымен шығатынын негізге алғандар алғырлық танытуда алда келеді. Үздіктердің үмітін үзбей, қолдауда қол қусырып қарап қалмайтын облыс әкімдігінің де жемісті жұмысы әр оқушыға дем бергені белгілі. Көзінде от ойнаған, сөзінде салмақ, ісінде нәтиже бар оқушылардың берілген мүмкіндікті пайдалануда қалыс қалмайтыны қуантты. Мұны біз өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық блім басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-сапарда байқадық.
Арал ауданында орналасқан «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы 2022 жылдың қазан айынан бастап «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынын өткізіп келеді. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаға 7-10 сыныптардан іріктеліп алынған 480 оқушы қатысып жатыр. Олар жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша бақ сынап, мектеп мәртебесін көтеріп, аймақ абыройын асқақтатып келеді. «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының директоры Айжан Тұрғанбекқызының айтуынша, 3000 оқушыдан 960 оқушы іріктеліп, «Талдысу» мен «Қамбаш» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтарының оқу-жаттығу жиындарына қатысуға мүміндік алған. Екі орталыққа 480 оқушыдан бөліп берген.
– Мақсатымыз – Сыр бойындағы дарынды жастарды анықтау, қолдау және дамыту. Оқу-жаттығу жиынында ең шебер ұстаздар білім беруде. Мықты мамандардан дәріс алған Қызылорда облысының оқушылар жуырда ғана өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында екінші орын иеленсе, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы үздік үштікке ілінді, – дейді Айжан Қиянбекова.
Әр ауданның білімпаздары бас қосқан орталықта сапалы білім беріліп, алаңсыз дайындалуына жағдай жасалғанына көз жеткіздік. Он күн ішінде оқумен ғана шектелмей, қызықты шаралардың өткізілуі оқушының санасына серпіліс беріп, көңілін көтереді. Кешкілік уақытта Қамбаш көлінің жағасына жиылып, алауды айнала қоршаған балалар өлең оқып, ән айтып, бір-біріне жылы лебізін арнады. Қамбаштағы қызықты күндерін айтып, толқыныспен әсерін жеткізгенде көкейіндегі қимастық сезімі де қылаң берді. Орталықтағы ойын-сауық бағдарламасы бос күлкіге бағытталмай, керісінше баланың қарым-қабілетін ұштап, талантын тануға, логикалық ойлау жүйесінің дамуына түрткі боларлықтай түйінді.
Білімге басымдық беретін орталықта мұғалім мен оқушының байланысы берік. Шыбынның ызыңы естілмейтін тыныштықта қойылған сұраққа жауап кезек-кезегімен жауап берудің өзі мәдениеті мен білімінің деңгейін көрсетті. Сапалы білімнен соң оқушылардың тестілеу мен олимпиадада сағы сынбайтыны сөзсіз. Өйткені терең білімі, таным түсінігі қалыптасқан шын дарын өзін қай кезде де дәлелдей алады.
– Қазіргі жұмысымыз балалардың болашағына өте жақсы әсер етеді. Біздің орталықта ҰБТ-ға дайындалып кеткен оқушылардың алды шетелде білім алуда. «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Балалардың білім алуына бар жағдайды жасап жатырмыз. Тіпті, смартфондарын жинап алып, тек қажетті жағдайларда ғана қайта береміз. Оған ата-аналары ренжіген емес, – дейді Рахан Байтілесұлы.
Тәрбие мен тәртіпті тоғыстырып, білімге баса назар аударған орталыққа оқушылардың айтар алғысы шексіз. Балалардың бірге өткізген шақтарын, сәулелі сәттерін естен шығармайтынын жанарынан сөзсіз ұғынасың. Еркіндік пен естілікті байланыстырып, сабаққа да, шараға да атсалысып, белсенді болуы әрқайсысының лидерлік қасиетін айқындатты. Балаға бейқам қарамайтын орталықта білім беретін мұғалімнен бөлек, психолог мамандар мен арнайы медпункт жұмыс істейді. Уақытылы тамақ беріліп, бос уақытта суға түсу бассейні, үстел теннисі, сурет салу кабинетіне барып қызығушылығымен айналысуға мүмкіндік берілген.
– Бала күнімнен бастап суретке қызығамын. Бос уақытта қолыма қалам мен қағаз алып, сурет салуға тырысамын. Сурет салу жан тыныштығын сыйлап, күйзелістен арылтады. Негізі математика пәнінен мұғалім болуды қалаймын. Бұйырса ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл еншілеп, жоғары оқу орнына түсіп, ұлы математиктерді даярлайтын ұстаз болғым келеді. Бірақ, өмірімді суретпен байланыстыруды тоқтатпаймын. Болашақта сурет мектептерін ашқым келеді. Осы ретте «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынына алғыс білдіргім келеді. Білікті мамандардан білім алып, дарынды оқушылармен тәжірибе алмасып, жақын дос таптық. Қосымша үйірмелерге қатысып, білімімізді жетілдірудеміз, – деді Жалағаш ауданы № 123 мектептің 10-сынып оқушысы Эльмира Доспанова.
«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының бала болашағына берер бағыт-бағдары зор. Жанданған жоба жүйесін жоғалтпаса, мықты түлектерді қанаттандыратыны сөзсіз. Сонда оқушылар да сара жолдан сүрініп, тура бағытынан тайқымайды.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!