Жастардың оқу-білімге ұмтылысы – қоғам дамуындағы оң өзгеріс. Әсіресе жаратылыстану ғылымына қызығушылық танытып, тәжірибесін өнідірісте кәдеге жаратып жүрген жастар жетерлік. Солардың қатарында жерлесіміз Рахымжан Тұрманов та бар. Ол органикалық химия бағытында біршама зерттеу жүргізіп, Сыр еліне халықаралық ғылыми үрдісті әкелуде. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұстаздық ететін жас ғалым шәкірттерге де жол сілтеп келеді.

Рахым­жан Ахметханұлы, органикалық химия несімен ерекше? Аталған бағытты аймақ өнідірісімен қалай байланыстырар едіңіз?
– Органикалық химия – күрделі сала. Үнемі білім жетілдіруге тура келеді. Осы мақсатпен Ресей Федерациясының Қазан қаласында магистратура және аспирантура бітірдім. Нәтижесінде химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иелендім.
Барлық зерттеу жұмысы өндіріс саласын ілгерілетеді. Мысалы, магистратурада өндіріске қажетті полимерді зерттедік. Нақтысы, термо­тұрақтандырғыш пен пласти­фикаторларды синтездеумен айналыстым. Бұл зерттеу материалдың сыртқы орта әсерінен, яғни ауа райы салдарынан тозбауын қамтамасыз ету үшін жасалды. Ал аспирантурада органикалық синтезге басымдық бердім. Сол арқылы дәрілік препараттарды дамытуға мүмкіндік туды.
Білім жетілдіру мақсатында Ресей Федерациясының Қазан қаласында оқыдыңыз. Екі елдің білім беру жүйесінде нендей айырмашылық бар деп ойлайсыз?
– Қазақстандағы білім беру саласы жылдан-жылға дамуда. Әлемдік тәжірибелер мен жаңалықтар қолданысқа еніп, білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Әсіресе жас ғалымдарға қолдау күшейді. Басымдық зерттеу, ғылыми орта қалыптыстыру бағытына бұрылды. Мысалы, ғалымдар Scopus базасымен жұмыс істеуді назарға алып, ғылыми мақала жариялау кең өріс алды. Бұл – әлемдік үрдіс әрі ғылымды дамыту жолы.
Бірнеше жыл Ресейде білім алдым. Байқағаным, ол жақта дәстүрлі білім беру жүйесі сақталған. Ал бізде Болон жүйесі жолға қойылған. Яғни, кредиттік технология бойынша оқытылады. Аталған жүйе білім беру сапасына айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Барлығы студент ынтасы мен ұстаз білігіне байланысты.
– Қарапайым адамға жаратылыстану ғылымдарындағы жаңалық түсініксіз. Әсіресе, химиядағы зерттеу мен формулаларды ұғатындар аз. Осы орайда күрделі ғылымды халық арасына танымал ету үшін қандай әдіс қолдар едіңіз?
– Айнала химия ғажайыбына толы. Әлемді химиясыз елестету мүмкін емес. Мұны түсіну үшін ғылымға қызығушылық болу шарт секілді. Түрлі әдістің тиімділігі де осы шарт төңірегінде талқыланса керек. Десе де химияны танымал етудің басты әдісі мектептегі білімді жетілдіру. Себебі оқушы химия пәнімен алғаш танысқанда сүйіспеншілігі оянса әрі ғылыми іргетасы берік болса, бұл салаға бейжай қарамайтыны анық.
– Университеттің инжинирингтік технологиялар кафедрасында аға оқытушы екенсіз. Шәкірттер қолға алған қай зерттеуді баса айтар едіңіз?
– Университетте көптеген ғылыми зерттеу жүруде. Мұның барлығы ұстаздар ұжымы мен шәкірттер белсенділігінің арқасында орын алды. Қазіргі таңда түрлі синтез арқылы термотұрақтандырғыш алу, ароматты қосылыстар тотықтыру арқылы оттекті органикалық қосылыстар алу процесі қолға алынды. Бұдан бөлек көптеген жоба кезек күтіп тұр. Барлығы өндіріс пен қоғам өміріне пайда әкелетіні анық.
Ауқымды өндіріс орындарындағы химиялық қалдықты өңдеу, залалсыздардыру ісі көңіліңіздер шыға ма? Бұл орайда қандай мәселе бар деп ойлайсыз?
– Әрине, өндіріс болсын, тұрмыстық қалдық болсын, өңдеуден өтуге тиіс деп санаймын. Бұл табиғатты қорғауға және экологиялық зардаптың алдын алуға көмектесері сөзсіз. Осы ретте өндірістегі химиялық қалдықтарды залалсыздандыру ісіне ерекше мән беру керек. Әсіресе, қоғам тарапынан өндірістердің экологиялық талаптын сақтауға қадағалау нәтиже беретініне сенемін.
Мәселе де осы тұста туындауда. Қоғамда қоршаған орта мәселесіне үн қосатын белсенділер аз. Қоғамдық ұйымдар экологияға қатысты ғаламдық және мемлекет талабының сақталуын жіті қадағалау орынды. Экология зардабын ерекше сезінген аймақ үшін де аталған ұсыныс өзекті болары белгілі.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!