«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп Мұхтар Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық. Сол себепті әр баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, ақылдылықты, ғылымға деген қызығушылықпен қатар дарындылығын тани білу керек. Баланың  дарынына қарай дамуына бағыт-бағдар беру ұстаздардың міндеті деп түсінемін. Ол үшін студенттермен жұмыс жасап, олардың қоғамға қажет екендігін ұғындыруымыз қатар биік белестерге жетуге ұмтылуына себепкер болып, ата-анасымен тығыз байланыс орната отырып ел ұрпақтарын тәрбиелейміз.

«Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру» делінген тәлім-тәрбие тұжырымдамасында. Сондықтан тәрбиенің ең маңызды түрінің бірі – ең алдымен өз халқын, өз Отаннын сүюден басталуы ел ұрпағын дұрыс бағытта тәрбиелеу деп түсінемін.

Қазіргі таңда мен  Жаңақорған аграрлы- техникалық колледжі бірінші курс студенттеріне жетекшілік етуді қолға алдым. Колледжде №23 топ яғни «Токарлық ісі және металл өңдеу» мамандығы бойынша тәлім алатын менің студенттерімнің аяқ алысы әзірге қуантады.

 Саналы да, ұлтжанды рухы биік ұрпақ тәрбиелеу –қоғам алдындағы басты міндет. Өзім жетекшілік ететін топтағы ұл-қыздың рухы биік болуымен қатар ел қорғайтын, елдіктің туын биік ұстап, соның дамуына үлес қосатын азамат болып өсуіне өз үлесімді қоссам деймін. Топта зор үміт күттіретін студенттерім де баршылық. Мысалы, Айбек Әсілбек спорт саласынан белсендірек, ал Мейрамбек Оспанұлы облыстық жайдарманда ойын көрсетіп жүр.  Хожатулла Исмоилов мен Мейрамбек Сейітхан аудандық жайдарманнан өнер көрсетсе, Дәуіржан Құрманбай өзінің қоңыр дауысымен ән салады. Нұртөре Мағауия мен Сапарбек Сейітхан поэзияға құштар. Сондай-ақ Ерасыл Орынбай және Мағжан Жұмабай облыстық олимпиадаға қатысып, өз білімін сынап жүр.

«Тіл өлмейді, алайда тілді қолдамаса, дамымайды» дегендей, өзім поэзияға жақын болғаны, студенттердің де  поэзияға жақын болғандығы мені қуантады. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына байланысты студенттермен «Шәмілге жазылған хаттар» атты онлайн поэзия кеші өткіздік. Руханиятқа қызмет қылу маған зор шабыт сыйлады.

Айару ҚАЛМАН,

Жаңақорған ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!