Елімізде мұғалімдерді аттестаттау өтіп жатыр. Біліктілік сынағының ережелеріндегі соңғы кейбір өзгерістері туралы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

— «Пәндік білім» блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, «Оқыту әдістемесі» блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауаптарды таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды.

— Педагогтердің білімін бағалаудан өту үшін шекті балл төмендетілді. Мысалы, педагог-сарапшы үшін 15-тен 12 балға дейін, педагог-зерттеуші үшін 18-ден 16 балға дейін, педагог-шебер үшін 21-ден 18 балға дейін.

— 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте, егер олар өз біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді;

-сондай-ақ 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтер, егер «педагог-модератор» санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді;

— зейнеткерлікке шыққанға дейін 4 жыл қалған педагогтер жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді; Арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» санаты бар педагогтерге аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне «педагог-модератор» санаты бірден беріледі. Бұл енгізілген өзгерістердің барлығы мұғалімнің пайдасына арналған. Сонымен қатар біз бәріміз де мұғалімнің біліктілік санаты балалардың біліміне бірден бір әсер ететінін түсінеміз.

Тестілеуді ұйымдастыру бойынша да ақпарат берейін. Тестілеуді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, Ұлттық тестілеу орталығы, МЖӘ бойынша анықталған U-Study ұйымы өткізеді. Тестілеу 40 өңірлік тестілеу орталықтарында сәуірдің 3 –нен 22 аралығында өтіп жатыр. Бүгінгі күнге тестілеуден өтуге 80 мыңнан астам мұғалімдер тіркелді, олардың 18 мыңнан артығы тестілеуден өтті. Сонымен бірге кей күндері электроэнергия сөніп, Ақтөбе, Қостанай, Талдықорган, Күлсары, Сарыағаш, Жамбыл облысы Төле би аулындағы пункттерде мұғалімдердің тестілеу уақытын немесе күнін ауыстырған жағдайлар орын алды. Әрине, педагогтер дер кезінде ақпарататтандырылды. Жергілікті Білім басқармалары тиісті қызметтермен бірлесіп, мұндай форс-мажорлық оқиғаларды барынша азайту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Оқу-ағарту министрлігі жанында аттестаттау рәсімін әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс тобы өз жұмысын бастады.

ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың Facebook-тағы жазбасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!