Шетелде білім алу әрбір түлектің арманы екені сөзсіз. Алайда мұндай жетістікке жету үшін терең ізденіспен қатар ғылымға қызығушылық әрі ЖОО-ның талап-міндеттеріне сай болу қажет. Қызылордалық Аяна Жақсыбаева – ұрымтал сәтті пайдаланып, шетелде білім алуға қол жеткізген жастың бірі. Ол Ресей Федерациясының Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды.

Әрине, арман қуып шетел асқан Аянаға мүмкіндік есігі бірден ашылмады. Жүйелі ізденіс пен күн-түн оқу нәтиже беріп, мақсатқа жетуге деген табандылық ғана сәттілік әкелген екен. С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектебінің ұстаздар ұжымы да талапты жастың лайықты білім алуына жағдай туғызу арқылы жеңісті күнді жақындатқан сыңайлы. Аянаның өзі ел асып, білім алу жолын былайша жеткізді:
– Кез келген оқушының әлемді аралауға құмары артатынын білеміз. Мен де ғалам кереметін, өзге ұлт ерекшелігін көруге құмарым артты. Осы арман жетегімен шетелге оқу ниеті қалыптасты. Ата-анаммен ақылдаса келе Ресей Федерациясын таңдап, Башқұртстанда орналасқан Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетіне оқуға түсуге бел буыдым. Таңдаған мамандығым да күрделі. ІТ саласын игеруді ойладым. Осылайша, университеттің ішкі емтиханын тапсырып, ең жоғары 300 баллдың 251-ін жинадым. Шетелде оқу шындыққа айналып, ЖОО студенті атануға жол түсті, – дейді түлек.
Аяна әрбір жастың қалаған оқу орнына түсуге қауқары жететініне сенімді. Тек ерінбей ізденіп, үздіксіз білім игерсе болғаны. Талантты жас мұндай табандылықты қажет ететін оқу жүйесін қалыптастыруға ұстаздар мен ата-ананың көмегі зор болғанын жасырмады. Жан-жақты қадағалаудың нәтижесінде көздеген мақсат артта қалды.
– Ең басты қолдаушым – отбасым. Қос әжемнің батасы, әкемнің артқан сенімі күш сыйлап, күн-түн сабақ оқудан танбадым. Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетіне оқуға түсетін кезде де жүйелі ізденіп, жан-жақты дайындықтан өттім. Сол кезеңде қолдауын аямаған отбасыма алғысым шексіз.
Сондай-ақ сынып жетекшім Гүлзия Төлепбергенова апайдың да орны ерекше. Үнемі шабыт сыйлап, көтермелеп жүрді. «Қызым, сен бәріне жетесің» деп ұстаздық лебізін үзбеді. Өзге мұғалімдер мен мектеп ұжымының көмегін де айта кеткім келеді, – дейді Аяна.
Арманы шындыққа ұласқан кейпкерімізден өзге елде оқуға ниетті жастар үшін кеңес сұраған болатынбыз. Жас түлек тіл меңгеруді жетілдіріп, мақсатты жүйелі түзсе, кез келген оқу орнына түсу оңай екенін жеткізді. Оған қоса түрлі бағдарлама шеңберінде бақ сынап, біліміңді көрсетуге де мүмкіндік бар екенін баса айтты.


Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!