Шиелі ауданында «Сыр ұланы» тынығу жазғы демалыс лагерінің ашылу салтанаты өтті. Лагерьдің ашылуында сөз алған аудан әкімі Нариман Мақұлбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Әмзеев оқушыларға сәттілік тілеп, лагерьде көтеріңкі көңіл күймен демалуларына өз тілектестігін білдірді.
Салтанатты жиын барысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балғын балаларымызға аудан кәсіпкерлерінің көмегімен 50 велосипед сыйға тартылды.
Сондай-ақ, «Балалардың қауіпсіздігі басты назарда» акциясы аясында жазғы демалыс уақытында төтенше жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл түрде жүргізілетін авариялық құтқару жұмыстарымен және арнайы техникаларымен төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан таныстырылып, акция аясында лагерь тынығушыларына тегін балмұздақтар таратылды.
Жалпы «Сыр ұланы» балаларды сауықтыру қосымша білім беру орталығында биыл 700 бала тынығады.
«Сыр ұланы» балалар лагерінде оқушыларға көңіл көтеріп, жазғы демалыс уақытын қызықты етіп өткізуге барлық жағдайлар жасалған.
«Көркемсурет», «Киімді моделдеу және дизайн», «Жас шахматшылар», «Халық биі» «Тенис», «Робототехника» үйірмелері лагерь ұжымымен бірлесіп жұмыс жасайды.
Әр ауысым бойынша лагерь тынығушылары 1 күндік табиғат аясына саяхатқа шығып, онымен қоса кент әкімшілігіне қарасты «Арман» мәдениет үйімен, спорт кешенімен тығыз байланыста болады.
Әр ауысымдағы 100 тынығушы уақыттарын тиімді және қызықты өткізу мақсатында келісімшартпен шомылу орталығына апарылады.
Лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс жасап, әр ауысымда 100 бала қабылдану жоспарлануда. Келетін тынығушылар ауданның 40 мектебі бойынша әлеуметтік жағдайларына байланысты жинақталып, тынығуға келетін болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!