Атырау облысында мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылған шығармашылық үйірмелер талапқа сәйкес емес ғимараттарға орналасқан. Олардың кейбірі дәріхана, коммуналдық базардың әкімшілік ғимаратында отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Атырау облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат Аққажиеваның айтуынша, қалалық және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне бөлінген бюджет қаражатына мемлекеттік аудит жүргізілген.

«Аудит қорытындысы бойынша құны 426,5 млн теңге болатын құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылық көлемі – 6,5 млн теңге. Ал тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 317,2 млн теңге болды. Бюджеттің 102,6 млн теңгесі тиімсіз пайдаланылған. Рәсімдік сипаттағы 147 бұзушылыққа жол берілген. Мұндай бұзушылықтар бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның, бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмау салдарынан болып отыр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылған шығармашылық үйірмелер талапқа сәйкес емес ғимараттарда орналастырылған. Оның кейбірі кеңсе, техникалық қызмет көрсету және бизнес орталықтарында, дәріхана, цокольді үй-жайларда, «Сарайшық» коммуналдық базарының әкімшілік ғимараты секілді нысандарда отыр», – деді Ләззат Аққажиева.

Оның мәліметінше, халық шығармашылығын, этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, насихаттау үшін қосымша 35 пайыздық ақы негізсіз төленген. Артық төленген қаржы – 2,1 млн теңге.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мемлекеттік қызметшілерге іссапар үшін 27 млн теңге кешіктіріліп төленгенін хабарлаған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!