Білім беру жүйесінің талай жылдар бойы қалыптасқан қағидалары бар десек те, әлі күнге дейін көпшілікті алаңдатқан мәселелер бар. Соның бірі – мектеп оқушылары арқалаған ауыр сөмке тақырыбы. Ата-аналар салмақты сөмкенің балаларға зиян екенін айтса, енді бірі бұрыннан келе жатқан дағдыны бұзбау керегін алға тартады.

Қазіргі кезде балаларға қойылатын талапты бұрынғымен салыстыруға келмейтіні анық. Бір мезгіл сабағына барып келіп, қалған уақытты ойынмен жалғайтын алдыңғы буынның бүгінгі оқушыларға қарағанда еркіндігі көп болған тәрізді. Себебі мектептен тыс уақытта да қосымша білім алу, түрлі үйірмелерге қатысу, тіпті жеке мектептерде күн бойы кітапқа үңілу жаңа заман баласының күн тәртібінде тұр. Ал сол міндеттерді орындаудың алғышарты ауыр сөмкеден басталады. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты да бей-жай қалдырған емес. Бұған дейін Мемлекет басшысы мектеп оқушыларының сөмкесі тым ауыр екенін, аталған мәселені цифрландыру арқылы шешу қажеттігін ұсынды. «Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын», – деді Президент. Осыдан соң Үкімет басшысы Әлихан Смайылов балаларды ауыр сөмке тасудан босатуды тапсырды. Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2023 жылы 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын планшетпен қамтамасыз етуді ұсынды.
“Ауыр рюкзактар мен мектептердің цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы шешімін табуы мүмкін. Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе онлайн оқу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді”, – деді Бағдат Мусин. Министр мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде жүзеге асырылғанын, айталық Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея, Түркия мектептерінде жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті.
− Мектепке асынатын сөмкеміздің салмағы арқамызға едәуір күш екені рас. Себебі сабаққа күніне жеті кітап алып барамыз. Дене шынықтыру пәні болатын күндері тіпті ауырлап кетеді. Карантин уақытында электронды жүйенің көмегімен онлайн оқу бізге тиімді болды. Бәлкім, мектептердің техникалық базасы цифрлық жүйеге ауысса оқушылар үшін бұл оң шешім болатын шығар, – дейді №82 орта мектептің оқушысы Гүлім Жұмабек.
Әр ата-ананың бала денсаулығы үшін жауапты екені және сол үшін алаңдайтыны рас. Негізінде оқушыларға зиян келмес үшін мектеп сөмкелерінің стандарттық салмағы, өзіндік нормалары бекітілген. Айталық, елімізде оқушының сөмкесіндегі заттың салмағы бала салмағының 10%-ын ғана құрауы қажет. Мысалы, оқушының салмағы 25 келі болса, сөмкедегі зат 2,5 келіден аспауға тиіс. Мамандар осы тепе-теңдік сақталған жағдайда бала денсаулығына қауіп төнбейтінін айтады. Сондай-ақ оның иыққа ілер тұстағы жолақтың жалпақ болуы маңызды. Осы орайда ресейлік мамандар төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болғаны дұрыс екенін алға тартады. Өз кезегінде ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін − 400 грамнан, 7-9 сынып оқушыларына − 500 грамнан аспауы керегін есептеп шығарған. Сонымен қатар сөмкені арқаға ілгенде сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек. Ал Минск қаласында Бастауыш сынып оқушылары үшін сөмке салмағы 600-700 грамнан, ал орта және жоғары сынып оқушылары үшін 1 келіден аспау қажет деген норма бар. Ал АҚШ-тың тұтыну өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы жыл сайын сөмкеге байланысты жарақат алған 5 мың бала Төтенше жағдайлар басқармасына жіберілетіні және 14 мыңнан аса бала сөмке артынған кезде алған жарақатына байланысты емделетіні айтылған. Америкалық Ортопедиялық хирургтер академиясы дұрыс пайдаланылмаған сөмкелер бұлшықеттер мен буындарды зақымдауы және арқа, мойын және иықтың қатты ауырсынуына, сондай-ақ ыңғайсыз қалыпқа әкелуі мүмкін екенін жариялап, дабыл қағуда. Бізде де бұл мәселеге қатысты арнайы норма қарастырылған. Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының 74-тармағына сәйкес күнделікті оқу жиынтығының салмағы: 1-3 сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5-2 келі, 4-5 сыныпқа – 2-2,5 келі, 6-7-сыныпқа – 3-3,5 келі, 8-11(12)-сынып оқушылары үшін 4-4,5 келі болып бекітілген. Алайда бұл бақылау үшін балалардың мектеп портфельдерін өлшеуге қойылатын талаптар жоқ. Сондықтан білім беру объектілеріне қатысты арнайы тексеру жүргізілмейді. Министрлік оқушыларда ауыр сөмке әсерінен пайда болатын аурулардың алдын алу үшін сөмкелердің салмағын мониторингтеу жергілікті білім басқармалары және ата-аналармен бірлесіп жүзеге асырылуы керек деп санайды.
− Балалар үшін мектеп сөмкесін ұстау ыңғайлы, себебі барлық оқуға қажетті құралдары қолжетімді болады. Өзіміз де сөмке арқалап, білім алған соң сөмкенің болғанын қалаймын. Алайда қазір балаларға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Мысалы, бір күнде сабақ кестесінде алты пән болса, алты кітаппен қоса дәптерін, денешынықтыру сабағына қажет киімін ала бару қажет. Бастауыш сыныптың оқушылары үшін мұның қаншалықты ауыр салмақ екенін осыдан-ақ бағамдауға болады. Сондықтан цифрлық жүйенің тиімділігі жоғары деп олаймын, − дейді алты баланың анасы Ләйлә Үрімова.
Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, ауыр салмақтағы сөмкенің бала денсаулығына тигзіетін бірнеше зияны бар. Біріншіден, артық салмақ баланың қан қысымының қалыптан шығуына әсерін тигізеді. Әлі қатайып үлгермеген оқушының кеуде сүйектерінің қисаюына, соның салдары мидың қалыпты жұмыс жасауына кедері келтіреді. Шетелдік зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, дұрыс таңдалмаған мектеп сөмкесі 50% скалиоздың пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ сөмкені үнемі бір иыққа асып жүрудің де зардабы көп. Өйткені ауыр салмақ бір иыққа түсіп дене сүйегі бір жаққа қисаюы әсерінен бүйрек қызметі нашарлайды.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!