Жақында Қызылорда «Болашақ» университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Н.Б. Мұхановтың 3 кітабы, оның ішінде біреуі бірлескен авторлықта жарық көрді.

Н.Б. Мұханов авторлығындағы «Арғындар: алыптар мен арыстар» тарихи-танымдық сипаттағы кітапта Орта жүз Арғын тайпасынан шыққан Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Абай, Ақан сері, А. Байтұрсынов, С. Торайғыров, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Ш. Айманов, К. Байсеитова, І. Есенберлин, Т. Бигельдинов, Р. Қошқарбаев, Б. Төлегенова, О. Сүлейменов, Т. Әубәкіров және т.б. көрнекті тұлғалар туралы баяндалады. Басылым аңдатпасында сипатталғандай, бұл кісілердің көпшілігі рухани-зиялылық тұрғысынан да, ел үшін жасаған еңбек-ерліктерінің көлемі мен сипаты жөнінен де қазақ тарихында теңдесі жоқ, екінші рет қайталанбайтын дара тұлғалар. Олардың ғибратты өмір жолдары әрбір қазақтың алдындағы жол көрсететін шамшырақ іспеттес алтын мұра. Сондықтан да оларды ұлықтаудың ешқандай уақыттық шегі болмауы тиіс.

Н.Б. Мұханов авторлығындағы «Арал өңірі жағдайында мал шаруашылығын дамытудың селекциялық-технологиялық мәселелері» монографиясында күрделі экологиялық ахуалдағы мал шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелері талданады. Өңірде соңғы жылдары қалыптасқан экологиялық сипаттағы өзгерістердің әсерінен мал азығын дайындау, малды қажетті деңгейде азықтандырумен қатар, мал тұқымын асылдандыру, селекциялық жұмыстардың барысы да тиісті талаптарға жауап бере алмауда. Өңірде жергілікті тұрғындарды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған басты сала мүйізді ірі қара шаруашылығы кенже қалып келеді. Аталған еңбекте осы мәселелерді шешудің теориялық ізденістер, тәжірибелер мен зерттеулер негізінде жасалған селекциялық және технологиялық жолдары көрсетілген.

Н.Б. Мұханов, Н.Ә. Тоғызбаева, Ғ.Б. Әлібекованың бірлескен авторлығындағы «Токсикология негіздері» оқу құралында токсикология ғылымының қысқаша тарихы, оның негізгі түсініктері мен параметрлері, уытты заттардың жіктелуі, улану түрлері, зиянды заттардың әсер ету тетіктері, улану патогенезінің дамуы, токсикинетика мен токсикодинамика негіздері, химиялық қосылыстардың биотрансформациясы мен уытты заттардың адам организмінің жүйелері мен мүшелеріне тигізетін әсері, канцероген және радиоактивті заттардың, өсімдіктер мен жануарлар уларының, ауыр металдардың, органикалық еріткіштер т.б. заттардың әсер ету ерекшеліктері жазылған.

Жалпы аталған 3 кітап сала мамандары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының білім алушыларына және көпшілік оқырман қауымға арналған.

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!