Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, экономика және құқық институтының философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры, саяси ғылымдарының кандидаты М.Ө. Насимов оқу орнының «Шетел тілі: екі шетел тілі» және «Аударма ісі» білім беру бағдарламаларының 1 курс студенттеріне «Ұлт пен этнос, ұлттық бірегейлік пен этникалық бірегейлік ерекшеліктері» және «Саяси және мәдени бірегейлік генезисі» тақырыптары бойынша ашық дәріс өткізді.

Ашық дәріс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырып отырған «Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі этникалық азшылықтардың этникалық бірегейлену үдерістерін кросс-мәдени және аксиологиялық талдау» ғылыми жобасы аясында дайындалған соңғы нәтижелер төңірегінде өрбіді.

Баяндамашы бірінші дәрісінде ұлт пен этнос ұғымдарының мағыналық ерекшеліктеріне тоқталды. Ғалым ұлт ұғымының саяси және экономикалық байланыстар, мәдениет пен біртұтас өзін-өзі тануға негізделгенін, этнос тілдік және туыстық қатынастармен байланыстылығы тұжырымын түсіндірді. Осы тұжырымдарға сәйкес баяндамашы ұлттық бірегейлік мемлекет және азамат ұғымымен, этникалық бірегейлік мәдени процестермен тығыз байланысты екенін айтты.

Екінші дәрісте ғалым саяси және мәдени бірегейлік генезисін айқындау үшін қос ұғымның ерекшеліктеріне тоқталды. Ғалым Еуропалық Одақ саяси бірегейлігі мәселесі тұрғысындағы көзқарастарға тоқталып, өз тұжырымын саяси және географиялық ерекшеліктер ықпалымен байланыстырды. Елдің ұлттық саяси жүйесі мен саяси мәдениет ерекшеліктері саяси бірегейлікті анықтайтындығын болжады. Баяндамашы қазіргі таңда мәдени бірегейлікке қатысты жазылып жатқан мақаласындағы тұжырымдарымен бөлісті. Мәдени бірегейлікті ерекшелейтін белгілерімен таныстырды.

Ғылыми жоба нәтижелерін білім алушыларға ашық дәріс арқылы таныстыру білім алмасуға, сыни ойлауға және академиялық қауымдастықтардағы белсенді зерттеу мәдениетін дамытуға ықпал ететін құнды тәжірибе болып табылады. Ашық дәріс ынтымақтастық, инновация және прогресті ынталандырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!