Ашық НҚА порталында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылға арналған Президент стипендиясын беру жөнінде екі бұйрығының жобасы талқыға салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ондағы мәліметке сәйкес, биыл Президент стипендиясы 1080 бакалавр студенті мен 8 магистрантқа тағайындалады.

Сондай-ақ Президент стипендиясы төрт министрлік арасында бөлінеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі – 1005 бакалавр студентіне және 7 магистрантқа;

Мәдениет және спорт министрлігі – 24 бакалавр және 1 магистратура студентіне;

Денсаулық сақтау министрлігі – 6 студентке;

Ауыл шаруашылығы министрлігі – 45 студентке тағайындайды.

Президенттік стипендия алған студенттері бар жоғары оқу орындары арасында Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті(102), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (96), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (94), М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті(60), А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті (55), Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті (47) көш басында тұр.

Еске сала кетсек, Стипендия ЖОО ректорының бұйрығымен тағайындалады және бір оқу жылының бір семестрі бойы төленеді. Стипендияға ие болу үшін грантпен оқу міндетті емес, оны ақылы бөлім студенттері мен магистранттары да иелене алады.

2023 жылы бакалавр студентіне тағайындалған Президент стипендия мөлшері – 73 320 теңге, магистранттарға – 173 974 теңге.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!