Қазір заңгер кеңесіне деген сұраныс жоғары. Тұрғындардың бірі үй, жер, еңбек нарығы бойынша сұрақтарға жауап іздесе, бірі отбасы мәселесіне алаңдайды. Дегенмен, білікті заңгерді табу қиын, кеңес алу құны жоғары. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттік заң клиникасында білім алушылар тұрғындарға тегін кеңес береді.
Студенттік заң клиникасы ойы озық, білімді студенттерден жасақталды. Өзгелерге көмектессем, заң саласы бойынша пайдамды тигізсем дейтін жастар көп мұнда. Олар тынымсыз іздене жүріп тың тәжірибе жинақтайды. 2013 жылы ашылған клиника қазір сапалы қызметімен әйгілі.
–Заң клиникасықұқық саласының мәселелері бойынша тегін кеңес беру мақсатында құрылды. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жергілікті сот, құқық қорғау органдарымен университеттің ынтымақтастығын кеңейту – басты міндеттеріміздің бірі. Клиникада жұмыс істейтін құқықтану мамандығының студенттері мәселені заң тұрғысынан шешу арқылы кәсіби тұрғыда шыңдала түседі. Ал клиника мүшелері жыл сайын іріктеледі. Биыл үшінші курстар арасынан 13 студент таңдап алынды, – деді Құқықтану кафедрасының доценты, заң ғылымдарының кандидаты, клиника жетекшісі Жанат Исаева.
Мұнда тұрғындарға кеңес беру арнайы реттілікпен жүзеге асады. Заң көмегін қажет ететіндер жұмыс күндері таңертеңгі сағат 10.00-12.00 аралығында келіп, өтініш қалдыра алады. Сондай-ақ, euniver.korkyt сайтына, Instagram желісіндегі @zansoilesin парақшасына жазбаша түрде сауал жолдаса болады.
Айта кету керек, өткен оқу жылында пандемияға қарамастан тұрғындарға онлайн, офлайн түрде кеңес берілді. Жалпы 40-тан астам арыз түсіп, заң талабына сай жауап қайтарылған.
– Бізге некені тоқтату, алимент өндіру мәселесімен келушілер көп. Сұрақтар бойынша алдымен студенттер ізденіп, нәтижесін жетекшіге көрсетеді. Жетекші тексергеннен кейін 10 күн ішінде жауап жіберіледі. Биылғы оқу жылында да Студенттік заң клиникасы тұрғындарға көмек көрсетуді бастап кетті. Клиникадағы жұмыстардан бөлек білім алушылар құқық қорғау органдары, өзге де ұйымдармен өткізілетін кездесулерге қатысып, білікті маман ретінде қалыптасуда, – деді клиниканың төрағасы, студент Данияр Төлегенов.
Сұранысқа сай сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен жастардың талабы да, білім-білігі де жоғары. Олар мәселесін заңдық тұрғыда реттегісі келген кез келген тұрғынға уақытылы көмек көрсете алады. Бүгінде білім ала жүріп, уақытты тиімді пайдаланған студенттер білікті маман болып қалыптасып келеді.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!