Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар істеліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тапшылық шамамен 70 мың орын болып отыр. Оның 50 пайызы – Алматы, Шымкент және Астана қалаларында. Алматы қаласына сапар аясында министрлік басшылығы жобалық офиске барып, инвесторлармен жұмысты жандандыруды тапсырды. Алматы қаласының тәжірибесі Астана мен Шымкент қалаларына таратылады. Ғылым және жоғары білім министрлігі СҚО, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда, ШҚО, Жетісу облыстарының, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірге 2023 жылы жатақханаларды пайдалануға беру жөнінде жол картасын қабылдады», – деп атап өтеді министрлік агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, биыл 10 949 орынға арналған 37 жатақхананың тізімі айқындалған. Оның ішінде жеке инвестиция есебінен 9 231 орынға арналған 30 жатақхана, шағын бизнес қаражаты есебінен 1 218 орынға арналған 6 жатақхана және демеушілердің қаражатына 500 орындық бір жатақхана салынады. 37 жатақхананың 8 837 орынға шақталған 26-сы ЖОО студенттеріне, ал 2 112 студент сыятын 11 жатақхана колледждерге беріледі.

Қазіргі уақытта 1 500 орындық 4 жатақхана дайын. Сонымен қатар, 496 орындық 3 жатақхана дайындығы 90 пайыздан асады. 2 395 орынға арналған 8 жатақхананының құрылыс жұмыстары 80 пайыздан астамға, 375 орындық 1 жатақхананың құрылыс жұмыстары 70 пайыздан астамға орындалған. Мұнан бөлек, 1 026 орындық 3 жатақхана дайындығы – 60, 750 орындық тағы 3 жатақхананың дайындығы 50 пайыздан асып жығылады. 980 студент сыятын 1 жатақхананың құрылыс жұмыстары 40 пайыздан астамға орындалған. Ал, 1 316 орынға шақталған 3 жатақхана 20 пайыздан астамға ғана дайын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!