Гүлжан ЖАНСҮГІРОВА, 

«Абылай хан» атындағы жоғары колледждің атқарушы директоры:

− Гүлжан Орынбасарқызы, талапкер неге «Абылай хан» атындағы жоғары колледжін таңдау керек? Қысқаша айтып берсеңіз…

− Себебі біз заман сұранысына сай, жан-жақты қалыптасқан, бәсекеге қабілетті маман дайындаймыз. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары көп, ал солардың ішінен дұрыс таңдау жасау үшін міндетті түрде ол оқу орнының білімі мен білігі назарға алынады. Биылғы оқу жылында талапкер қабылдаудың структурасы жылдағыдан өзгеше болды. Талапкерді оқуға қабылдау − College SmartNation  техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал арқылы жүзеге асырылды. Бір талапкер бірнеше оқу орнының  конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Демек, оқу орындарының арасында нағыз бәсекелестік туды. Бұл әдіс оқу орындарының арасындағы рейтингке тікелей әсер етті. 2021-2022 оқу жылында мемлекеттік грант және ақылы негізде 200 білім алушы «Абылай хан» атындағы жоғары колледжін таңдады. Бұл осыған дейін жасалған еңбек пен білім саласына салынған сара жолдың дұрыс бағытта екендігінің дәлелі. Жоғары колледжде материалдық-техникалық база, білікті оқытушылар және икемді, ұтқыр, білімді студенттер бар.

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

− «Абылайхан» атындағы жоғары колледж өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бәрі қалай басталды?

− «Абылай хан» атындағы жоғары колледждің негізін қалаушы марқұм ардақты ұстаз, экономика ғылымдарының докторы Шәрбан Дәкішқызы Баязитова.  Ұлағатты ұстаз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық қиындықты еңсеріп, «Сейхун» институтының негізін қалады. Жас ұрпақ болашағы үшін қиындыққа қажымай еңбек етті. Осылайша аймақтағы білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлағатты ұстаздың ізін саяси ғылымдар кандидаты, білікті ұстаз, қоғам белсендісі Руслан Кажденбекұлы жалғастырды. Бұл кісілер − маман даярлау ісіне өмірін арнаған, білім сәулесін қоршаған ортасына шашып, тынымсыз еңбек еткен біздің құрылтайшыларымыз.  Колледждің сатылап дамуына  20 жылдың ішінде 300 млн-нан астам инвестиция құйылып, төрт қабатты оқу ғимараты креативті үлгіде жабдықталып, халықаралық үлгідегі спорт кешені салынды. 

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

− Колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі…

− Біз колледж студенттерінің жетістігін айтып марқаямыз. Студент Аружан Әлайдар «Zhas Project» жобасына қатысып,  «Қазақи нақыштағы брендтер» жобасы бойынша 1 000 000 теңге ұтып алды. Бұл − жаңашыл білім беретін оқу орнының жемісті жұмысының нәтижесі. Ал, «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығының студенттері Беларусь, Азербайжан республикаларында өткен халықаралық сайыста жүлделі ІІ және ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар «Worldskills  Kazakhstan−2019» ұлттық чемпионатында колледж студенті Ернұр Баймағамбетов V республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Үздік маман» атанды. 2021 жылы Тараз қаласында өткізілген «Нео-фольклор» стиліндегі сән дизайнерлерінің І Ұлттық халықаралық байқауында колледж студенті Айнаш Рашит үздіктер қатарынан көрінді. Еліміздің жас жеткіншіктерін оқытып, тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, білім саласын дамытуда үлес қосып келеміз. «Абылай хан» колледжінен түлеп ұшқан түлектер, бүгінде өз кәсібінің мықты мамандары атанып, еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет атқаруда.

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

− Биыл қанша талапкер қабылдадыңыздар? 

− Биылғы оқу жылында 200 студент мемлекеттік бағдарлама негізінде грант және ақылы бөлімге оқуға қабылданды. Оқу орнында озық үлгідегі техникалық және технологиялық мамандықтарға басымдық берілген.   Жоғары колледж сапалық технологияларды меңгертумен қатар, алдыңғы қатарлы менеджмент, экономика, коммуникативтік дағдылар, тереңдетілген ағылшын тілімен бірге 12 мамандық, 21 біліктілік бойынша мамандар  дайындайды. Замана көші алға озған сайын ғылым мен білімге деген талап күн санап өсіп келеді. Техникалық құндылықтар үстемдік құрған кезеңде көш ілгері жүру − өмірлік қажеттілік. Осы бағытта бүгінгі уақыттың тамырын тап басып, еңбек нарығындағы нақты талаптарға жауап бере алатын мамандар қажет. Білім ордасы құрылған күнінен бастап-ақ, сапалы білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық дамудың бастау көзі болды.

 − Жан-жақты дамыған, кәсіби тұрғыда жетілген, заман талабына сай маман даярлау ең басты мақсат. Бітіріп шыққан маман қоғамға араласып, халықпен жұмыс жасау үшін оның бойында адамгершілік, жауапкершілік, ұстамдылық, сабырлылық секілді қасиеттер болу керек. Білім мен қатар адами қасиеттерді бойына сіңіріп шыққан маман ортаға тез бейімделіп, «жақсы маман» деген атқа лайық бола алады. Түлектеріміздің бойына адами қасиеттерді сіңіру, жақсы мен жаманды ажырата алатындай жасампаз, ойы ұтқыр, өзіндік пікірі бар тұлға болып қалыптасуына ықпал жасау міндетіміз.

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

− Жұмысқа орналасуға кепілдік бересіздер ме?

− Түлектердің жұмысқа орналасуы маңызды. Сондықтан «Жұмыспен қамту және кәсіптік бағдар беру» бөлімі түлектермен тығыз байланыс орнатады. Жыл көлемінде бітіруші түлектермен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, мамандықтарына сәйкес дөңгелек үстелдер, облыстық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарымен бірлескен кездесулер, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Тұрақты жұмыс табуға жәрдемдесу, еңбек нарығындағы болашағы бар мамандықтар туралы ақпараттар беріп отыру, жалпы білім беретін мектептер, мектептен тыс мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар  және басқа да жұмыс берушілермен серіктестік орнатылған. Біздің түлектер мамандықтарына сәйкес, жан-жақта жұмыс істей алады, себебі білім ордасында нарыққа қажетті мамандықтар оқытылады.

Студенттердің өздері айтсын…

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

− Айнаш Рашит, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының 4 курс студенті:

− Осы колледжге түскеніме өкінбеймін. Мамандыққа сай практикалық сабақтар да өте қызықты өтеді. Оқытушылар бізді шабыттандырып отыратын өз ісінің шеберлері. «Жеті рет өлшеп бір рет кес» деп қиялыңды жүзеге асырарда кеңес береді. Өз мамандығым бойынша республикалық  «Нео-фольклор» стиліндегі сән дизайнерлерінің І ұлттық байқауына қатыстым. «Worldskills  Kazakhstan − 2021 облыстық іріктеу байқауында да  жеңімпаз болдық. Қазір төменгі курс студенттеріне шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Сабақтан қолымыз босаса, асханада достармен тамақтанып, спорт залға барып сайыстарды тамашалаймыз.

Студенттердің жұмыс табуына жәрдемдесеміз

Мұрагер Қосназаров, «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4 курс студенті:

− Бала күнгі армандарым орындалуда. Мамандығым өзіме қатты ұнайды. «Робототехника», «3D модельдеу» бағыты бойынша түрлі жобаларға, кәсіби сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Қазір өзгелерге үйренгенімді бөлісіп, үйірме жұмысын жандандырып жүрмін. Колледжде жастардың заманауи білім алуына барлық жағдай бар. Болашақта еліміздің дамуына үлес қосар үлкен азамат болып қалыптасқым келеді.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!