Мектеп бітіру салтанаты – әрбір түлек үшін маңызды, қайталанбас мереке. Бұл күні күміс қоңыраудың күмбірі де ерекше естіледі. Білім ордасы – балалық шақтың, жарқын жүзді ұстаздар және сыныптастармен өткен көңілді сәттердің куәсі. Алдағы күндердің еншісіндегі асқақ армандарға асығатын түлектер салтанатты жиынды ерекше өткізуге атсалысып, мұғалімдеріне ризашылық білдіреді.
Биыл соңғы қоңырау шарасы өтетін күн өзгерді. Оқу жылының ресми аяқталу күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты іс-шаралар мектеп әкімшілігінің шешімі бойынша 23 немесе 24 мамырда өтеді.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев та айтты.
– 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық білім беру деректері қорының мәліметтеріне сәйкес елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар. Онда 4 миллионға жуық оқушы білім алуда. Биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды. Олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы өз шешімдерін қабылдайтын болады.
11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімен 23 немесе 24 мамырда мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімдері де айқындалды. 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар осы жылы 29 мамыр мен 10 маусым арылығында өтеді деп белгіленді. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады, – деді ол.
Бүгінде облыста 300 мемлекеттік, 39 жеке мектеп бар. Ал 11-сыныпты 9531 оқушы аяқтайды.
Түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден алған нәтиже маңызды екені белгілі. Бүгінде олардың бірқатары тестілеуге қатысып үлгерді. 16 мамырда негізгі ҰБТ-2025 басталды, тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады. Ал 23-24 мамыр күндері ҰБТ тапсыруы қажет түлектер қайтеді?
Ұлттық тестілеу орталығы 2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) күндерінің өзгергені туралы ресми мәлімдеме жасады. Бұл өзгеріс мектептерде өтетін соңғы қоңырау күнімен байланысты енгізіліп отыр.
ҰБТ тапсыруға тіркелген талапкерлер үшін тестілеу күндері келесідей өзгереді: 23 мамырға тіркелгендер – енді 25 мамырда тест тапсырады; 24 мамырға тіркелгендер – 1маусымда ҰБТ-ға қатысады.
Ұлттық тестілеу орталығы тестілеудің жаңа күні туралы ақпарат талапкерлердің app.testcenter.kz сайтындағы жеке кабинеттерінде автоматты түрде жаңартылатынын, сондай- ақ SMS хабарлама арқылы қосымша ескерту жасалатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, өзгерістер тек 23 және 24 мамыр күндеріне тіркелген талапкерлерге қатысты. Қалған күндердегі тестілеу кестесі өзгеріссіз қалады.
Елімізде соңғы қоңырау кешінде ұстаздар мен ата-аналар ізгі тілектерін білдіріп, жиын мерекелік бағдарламаға ұласады. Содан кейін соңғы қоңырау соғылып, жас түлектер қоштасу вальсін билейді.
Ал әлем елдері бұл күнді қалай тойлайды? Мұны білмек үшін деректерге көз салдық.
Польшада мектеп түлектері оқу орнымен қоштасу кешін емтиханға 100 күн қалғанда өткізеді екен. Олар мерекелік іс-шарадан кейін бар уақытын дайындыққа арнайды. Ал Еуропаның кейбір елдерінде соңғы қоңыраудың белгісі ретінде арнайы стильдегі киім киеді. Данияда мектеп бітіруші түлектер тек ақ түстегі киім киеді. Сондай-ақ құлпынай жейтін таңғы асқа барады. Норевегиялық түлектерге келсек, оқу жылының соңғы аптасында қызыл мен көк түсті комбинезон киеді. Жапонияда оқу жылы көктемде басталатындықтан, мектепті бітіру уақыты наурыз айы. Бітіру шарасы ресми түрде өтеді және ол бітіру емтиханының құрамына кіреді. Жапондар өздерінің мәдени дәстүрлерін мақтан тұтады, сондықтан бәрі өте салтанатты жағдайда өтеді. Түлектер ән шырқап, халықтық билер биленетін айрықша хореографиялық шеру жасайды. Жігіттерге іскерлік костюмді ғана, ал қыздарға тек кимоно киюге болады.
Біздің елде де мектептегі іс-шаралар талапқа сай, салтанатты түрде арнайы бағдарламамен өтетіні рас.Дегенмен аттестат алғаннан кейінгі басқосуларға ата-аналардың біршама қаржы жұмсайтыны белгілі. «Балам қатарынан қалмасын» дейтін ата-ана қымбат көйлек, костюм, лимузин, жарқыраған мейрамхана, тіпті, отшашу, фотосессия мен бейнежазба түсіру үшін де шығындалатыны белгілі. Той тойлаған жақсы, алайда ысырап етпеуді де ұмытпаған жөн секілді.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!