Мектеп – әр адамның құтты мекені, білім ұясы. Он бір жыл білім нәрімен сусындатар білікті ұстаздың жиылған ордасы. Сыныптастармен өткізген қызықты кезеңнің куәсі. Алғашында әліппені құшаққа қысқан оқушы кемел келешегіне қанат қаққан түлек атанады.
Соңғы қоңыраудың сәті таяғанда түлектің жүрек түкпірінде толқыныс пайда болады. Мектеп қабырғасындағы көңілден өшпес көрініс көз алдына келгенде кез келген оқушы қимастық пен қобалжуды қатар сезінетіні ақиқат. Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ақерке Шамшатова соңғы қоңырау соғатын үздік түлек. Осы орайда, мектеп мақтанышы жан тебіреніспен арман-мақсатын тарқатып айтты.
Бүгін ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Аяулы мектебімді тәмамдайтын уақыт та келіп жетті. Мектебімде 11 жыл бойы түрлі қуанышты сәттер орын алды. Үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамымыз да осы жерден бастау алды. Мұғалімдер мені үздік әрі белсенді оқушы ретінде «соңғы қоңырау» соғуды табыстауы мен үшін үлкен мәртебе! Біз бүгінгі маңызды күнге біраз уақыт бар күш-жігерімізді салып дайындалдық. Дайындық барысы өте қызықты әрі естелікке толы болды. Мен үшін алтын ұя мектебім – балалық шағымның балғын уақыты болып есімде қалады.
Естен кетпес естелік
Әрине, мектепте өткен әрбір уақыт шаттыққа толы кездер. Дәл осы кездер есімізде ең жарқын әрі ұмытылмас естеліктер болып қалатыны сөзсіз. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қадам басқан кішкене бүлдіршін едім, міне бүгін бітіруші түлекпін. Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі маған үлкен өмірге жолдама берді, үлкен өмірге дайындады. Білім деңгейі жоғары, көптеген мүмкіндіктерді сыйлай отыра, оқушы кезімнің ұмытылмас сәттерін осы мектепте өткізгеніме өкінбеймін. Сол себепті қимастықпен қоштасқалы тұрмын. Осы ретте, алғашқы Әліпбиді танытқан ұстазым – Айгүл Жанұзаққызына алғыс айтамын. Балаларға деген мейірімімен баулып, алғаш әріпті танытқан жан. Сонымен бірге 7-сыныптан бері бізге бар білгенін үйретіп, екінші анамыздай болып кеткен ұстазым – Гүлзира Әбдіқайыр апайыма да айтар алғысым шексіз. Әрдайым бізді тек дұрыс бағытқа бағыттап, жетістіктерге жету жолында қосқан үлесі зор. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Сондықтан да ұстаздарымның берген ақылын ешқашан ұмытпаймын!
Мектеп – жетістіктің алғашқы баспалдағы
Иә, Алтын белгі үміткерімін. Мен мектепте әрбір іс-шарада белсенді болуға тырыстым. Түрлі олимпиадаға білімімді шыңдау мақсатында қатысып, жігеріммен жетістікке жетуді көздедім. Себебі, мектеп қабырғасындағы жетістігім жарқын болашағыма үлкен септігін тигізетініне сеніммен қарадым. Атап өтер болсам, 9-сыныпты «қызыл аттестатпен» тәмамдап, республикалық олимпиадаға қатысып 1-орын иелендім. Сондай-ақ, «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған «Ағылшын тілі» және «Қазақстан тарихы» пәні бойынша еспубликалық олимпиададан 1-дәрежелі диплом иегері атандым. Е. Б. Бекмаханов атындағы республикалық «Қазақстан тарихы» пәні олимпиадасынан 2-дәрежелі дипломды еншіледім. Республикалық пәндер олимпиадаларының қалалық кезеңінен жеткен нәтижелерімді айта аламын. Белесті бағындыруға талпынысым білім деңгейімді арттырды. Бұл марапаттар үлкен нәтижеге бастау деп білемін.
Асқақ арман алға жетелейді
Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығым қарқынды. Болашаққа нық сеніммен қадам басып, алдағы білім сынағынан сүрінбес үшін тынымсыз дайындалып, үздіксіз ізденісте үзіліс жариялағым жоқ.
Мамандық таңдау – жауапкершілік және маңызды іс. Түлектер мамандықты дұрыс таңдау арқылы келешегінің бір кірпішін қалайды. Менің таңдауым журналистика саласы. Бала кезімнен бері қызығушылығым осы мамандыққа бағыттады. Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық. Оның қоғамдағы рөлі зор. Болашақта журналистиканың майталманы болып, елімізде осы саланы әлемдік деңгейге жеткізгім келеді. Арманымды алдыма үміт етіп, өз саламның шыңына табан тіреп тұратын күнге де жетемін.
Жоғарғы оқу орны туралы айтар болсам, менің таңдауым – Еуразия Ұлттық университеті. Себебі, біріншіден, Қазақстандағы ең үздік топ – 10 ЖОО қатарында 2-орын. Екіншіден, QS TOP 50 UNDER 50 нұсқасы бойынша әлемнің жас жоғары оқу орындарының рейтингіне енген Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Бұл университет жоғарғы білімі бар оқушыларды талап етері анық. Сондықтан мемлекеттік грантты иемденіп, даңғыл жолымды қаласам деймін.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!