«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Менің кіші Отаным» атты республикалық байқауда Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің оқушысы Зухра Өмірзақ ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Үздіктердің үздігі атану үшін Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 100-ге жуық оқушы бәсекеге түсіп, бақтарын сынады. Туған елдің тарихына аса қызығушылық танытқан өрендер «Менің кіші Отанымның тарихы», «Кіші Отанымның символы», «Менің кіші Отанымның болашағы» және «Менің туған өлкем» секілді төрт бағытта зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Сыр бойынан NIS құрамында сынға түскен Зухра Өмірзақ еліміздегі көрікті ауылдардың бірі – Нағи Илиясов елді мекені туралы зерттеу жүргізіп, ауыл тарихын, даму үдерісін арнайы бейнефильм арқылы таныстырды:

– Нағи Ілиясов – «Ауылдардың астанасы» атағын бекерден алған жоқ. Елім деп ерен еңбек еткен аға-буындарымыз бен жергілікті тұрғындардың қолдауының арқасында Нағи Ілиясов ауылы гүлденген, берекелі ауылға айналып отыр. Менің мақсатым – елін сүйер ер азаматтарды үлгі-өнеге ету және ауылдарды дамыту арқылы еліміздің дамуына үлес қосу.

Еліміздің үздік жас тарихшыларын анықтауға бағытталған байқау бірнеше кезеңде өтті.

– Алдымен қатысушылар «Қазақстан тарихы» пәні бойынша білімдерімен сынға түсіп, шығармашылық кезеңде жүлделі орындарға таласты. Шәкіртімнің жетістігімен мақтанамын», – дейді жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Зейнулла.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!