Қазақ-Британ техникалық университетінің 4-курс студенті, халықаралық робототехника олимпиадасының жеңімпазы Нұрасыл Балғабай осылай дейді.
‒ Нұрасыл, сіздің Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі және халықаралық робототехника олимпиадасының жүлдегері екеніңізден хабардармыз. Сыр жастарының мұндай жетістігі бізді қуантады. Оқырмандарға мотивация болсын, әңгімемізді сіздегі жаңалықтардан бастайықшы…
‒ Астана қаласында өткен халықаралық робототехника олимпиадасында топтасым екеуміз робо-футбол санатында өнер көрсеттік. Сонда қарсыластардан басым түсіп, бірінші орын алған болатынбыз. Бұл санатта әр топтан екі робо-футболшы (қақпашы және шабуылшы) жасап шығарылып, қарсылас командамен футбол жарысы ұыймдастырылды. Қарсылас командаға ең көп доп соққан топ келесі кезеңге жолдама алды.
Ал қазіргі таңда Қазақ-Британ техникалық университетінің 4-курс студентімін. Оған қоса www.adata.kz сайтында веб-программист ретінде жұмыс істеймін. Болашақта программист жолын таңдауға робототехника саласы өте көп әсерін тигізді, себебі роботтарға бағдарлама әзірлеу мен үшін ең қызықты кезең болды деп айта аламын.
‒ Қазіргі робототехниканың дамуына қандай баға берер едіңіз? Өзіңіз сияқты жастардың әлемдік жарыстардан бой көрсетуі елдегі бұл саланың баяу да болса дамып келе жатқанын көрсететін тәрізді. Әйтсе де кемшіліктері де бар шығар?!
‒ Робототехника саласы осыдан 10 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда қарқынды даму үстінде. Алайда ғылым, әсіресе IT салалары бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі таңда жеткен прогресс роботтарды кез келген салаға қолдануға мүмкіндік бере алмайды. Роботтардың дамуы жасанды интелекттің дамуына тура пропорционал деп есептеймін, сол үшін робототехника саласына әлі де назар аудару қажет.
‒ Қазіргі уақыт бізден, яғни жастардан жан-жақтылықты талап етеді. Расында сіздің робототехникадан бөлек хоббиіңіз оқырмандарға да қызық.
‒ Табысты адамда үш түрлі хобби болуы қажет. Біріншісі, оған табыс әкеледі. Екіншісі, оның денсаулығын сақтайды. Ал үшіншісі оның ішкі жан дүниесін дамытады. Қазіргі таңдағы хоббимның бірі веб-сайт әзірлеу мен үшін табыс көзі болып отыр. Бүгінде бұл саладағы мамандар IT-индустрияда үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар футболға деген қызығушылығым өте жоғары. Оқу орнында және басқа жерлерде өтетін футбол турнирларына жібермей қатысып тұрамын.
‒ Жаңа технологияны кез келген жас үйренгісі келеді, бірақ біз айтқандай оңай емес. Сондықтан маман ретінде айтыңызшы, салаға бейімделудің алғышарты қандай?
‒ Әрбір сала қызығушылықтан басталады, егер сізге қызмет етіп жүрген салаңыз ұнамаса, ол саланы ауыстыру туралы ойлану қажет. Бірақ кез келген жолда қиыншылық болады, соның бәрін қабылдай біліп, еңсені түсірмеу керек. Ең маңызды фактордың бірі ‒ білімге деген құлшыныс, себебі әрдайым сұраныста болу үшін прогресске сіздің біліміңіз сай болу керек. Сондықтан жастар әрдайым оқып, өз-өзін дамытуға көңіл бөлгені дұрыс деп ойлаймын.
‒ Ғалымдардың болжамынша, 5 жыл ішінде киборг роботтар ойлап шығарылуы мүмкін. Бұрын зоо және андроид роботтар құрастырылып шықса, енді Азимо сияқты адам тектес гуманоид роботтар шығарылмақ. Біздің елдегі ендігі робототехника жаңалықтары қандай болуы мүмкін?
‒ Қазір білім беру саласына, әсіресе IT-ға мемлекет тарапынын көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бірақ салыстырмалы түрде біздің елде әлі де біраз жұмыс атқарылуы қажет. Шетелдік мамандарды Қазақстанға тартып, жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттырудан бастау керек. Білім – ең қымбат ресурс.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен:
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!