Мектептегі сан-салалы жұмыстың ішінде менің жүрегіме жақыны өзім сүйіп атқаратын  жұмысым – ол менің тәлімгерлік қызметім.

     Сырт қарағанда жай ғана кіші, орта буын  оқушыларымен жұмыс жасайтын қарапайым жұмыс болғанымен, оның ішіндегі қайнаған тірлік, әр баланың арманы мен мақсаты, қуанышы мен реніші, тіпті көңіліндегі кірбіңі де осы жерде тоғысып жатады. Себебі, олардың осы жастағы психологиясы өте ашық, аңғал, сенгіш, еліктегіш келеді. Ендеше менің айналамда періште сәбилер жүруінің өзі менің өз жұмысыма адал болуымды, ешқашан енжарлық танытпауымды, еш нәрсені ұмытып кетпеуімді қажет етеді.

     Оқушылардың сан-салалы қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктерінің дамуына ықпал ету, балалар мен жеткіншектердің ынтасын арттыру, әр баланың қызығушылығы мен қажеттілігіне сай жұмыс атқару, бағдарламалар жасау, өмір талабына сай ұжымдық шығармашылық жұмыстар ұйымдастыру, қоғамдық ұйым, бірлестіктер жұмысының формасы мен мазмұнын жаңарту менің құзіреттілігімде.  Қарапайым жұмыстың үлкен жүгі десек те болады.

     Оқушылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де ойластыру қажеттілігі тағы бар.

     Оқушылардың бос уақытында азаматтық және адамгершілік позициясын ұстануына, өзінің қызығушылығы мен қажеттілігін жүзеге асыруына, бос уақытын тиімді пайдалануына мектепте осындай тәлімгерлік қызмет көрсету арқылы жағдай жасалады. Мен соның бір бөлшегі ретінде тәлім мен тәрбиені үйлестіре жұмыс атқарып келемін.

     Бала тәрбиесі қателесуді кешірмейді.  Көңіліне қаяу түскен шәкірт өмір бойы өзіне де,  өзгеге де ренішпен өтуі ықтимал. Сондықтан әр жоспарланған іс-шарада жан-жақты әрі барлық оқушылардың қамтылуын ескеріп, олардың еркін пікір білдіруін қадағалаймын. Түрлі өнер, білім сайыстары мен қауіпсіздік ережесін игеруге арналған шаралар осының айғағы десем болады. Каникул кезінде олардың демалысын ұйымдастыру олар үшін де, мен үшін де жауапты және қызықты  кезең. Инттеллектуалды сайыс, отбасылық эстафета, өнер байқауындағы жүлдегерлер барлығы осы каникул күндерінің ерекшелігі.

     Мен жетекшілігімнің ішіндегі 11 жасқа дейінгі бастауыш сыныптың балалары  жан-жағындағы тіршілік тынысын толық меңгермеген өрен болғандықтан олар үшін ертегі әлемі де ерекше. Бастауыш сыныптарға арнап қуыршақ театры арқылы ұлттық және шетелдік ертегілердің қойылымын қойдыру, 5-7 сынып оқушыларына қуыршақ театрын ұйымдастыру арқылы оқушыларымның шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып келемін.

     Баланың бойы ерте жастан таза тұнық санамен қалыптасуы керек. Ұлттық менталитет, тілді қадірлеу, ұлттық құндылықтарды осындай іс-шаралар барысында бойына сіңірмек керек. Ендеше менің өмірлік сүрлеуімдегі із – осы шәкірттерімнің зердесіндегі өнері мен білімі, ұлтқа деген махаббаты. Тәлімгерлік жұмыстың қыры мен сырын жаңашылдықпен игеріп, өз шәкірттеріме бойымдағы барлық жігерімді аямай жұмыс жасаймын деп сенім білдіремін.

Бағдагүл Алисин,

Т.Рысқұлов атындағы

№222 орта мектептің тәлімгері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!