Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет білім саласындағы негізгі мәселелерге арналған кеңейтілген алқа жиынын өткізді. Мәжіліс отырысына қала, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен басқарма жанындағы орталық басшылары және облыс бойынша білім беру ұйымдарының басшылары директорлары Zoom платформасы арқылы қатысты.
Отырыста ҰБТ-ға дайындық жұмыстары, халықаралық TIMSS-2023, ICILS-2023 зерттеулерге дайындық барысы мен 2023 жылы оқулықпен қамтамасыз ету шаралары, 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар негізінде 2023 жылы мектепке дейінгі ұйымдарды ашу және әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ, облыстық олимпиада қорытындысы, цифрландыру бағытындағы шаралар мен білім беру ұйымдарында тамақтану сапасына мониторинг жүргізу және психологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру жайы талданды.
Жиында Мейрамбек Зинабдинұлы білім беру саласындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын саралап, күн тәртібінде талқыға түскен мәселелерді жеке-жеке талдады. Мәжілісте бөлім басшылары Шолпан Жүнісова, Қарлығаш Әнуарова мен Зарипа Матжанова және облыстық “Дарын” орталығының директоры Айжан Қиянбекова сала бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар шеңберінде баяндама жасап, алдағы міндеттерге қатысты есеп берді.
Басқарма басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыруда оқушылардың дайындығын күшейту, халықаралық зерттеулерге қатысатын мектептердің дайындығын пысықтауды айтты. Сондай-ақ, «Отбасылық цифрлық карта» базасын уақытылы жасауды, білім беру ұйымдарында тегін тамақты сапалы ұйымдастыруды, құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу бойынша іс-жоспары негізінде тәрбие жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!