Айдана МАХАМБЕТ,
гуманитарлық ғылымдар магистрі

Тіліміздегі сырлы, мағынасы құбылып тұратын тілдік бірліктердің бірі энантиосемия – лексикологияның зерттеу нысаны.
Мазмұн мен форма арасындағы байланыстың жоқтығы, көптеген тілдік бірліктердің көпмағыналылығына жағдай туғызды, тілдік таңбалар өте көп мағына бере алуға қабілетті. Дей тұрғанмен, «бір мазмұн әр контексте әр түрлі қолданылуы мүмкін». Солай бола тұра «қосалқы мағынада қолданылатын сөздерге логикалық шектеу қойылмайды; көп жағдайда сөйлеуші айтар ойын сөздің тура мағынасында қолданбай, керісінше мағынасында яғни ирониялық мағынада қолданады». Тілдік бірліктердің энантиосемиясы тілдік таңбалар заңдылығын бұзуы мүмкін, өйткені Л.Вайсбергтің көрсетуінше, «тілдік таңбалар заңдылығы» мазмұн мен форма бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Энантиосемия құбылысының тууына объектілік шындық фактілерін тікелей көрсететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар әсер етеді.
Энантиосемия тек қана қазақ тілі ғана емес, жалпы тіл білімінде оның ішінде түркітануда терең де келелі мәселе. Зерттелу тарихына келетін болсақ, орыс зерттеушілерінің ішінен бірінші болып, В.И. Шерцль көңіл бөліп, оның шығу тарихын, диалектілік өзгешеліктерін қарастырады. Кейінірек И. Гете, Ю.Г. Скиба, А.А. Новиков, В.А. Иванов және өзге де зерттеушілер аталған мәселеге көңіл бөліп, өз зерттеулерін жүргізген, энантиосемияны жан-жақты түрлі қырынан қарастырған.
Зерттеуші Д. Османалиева қырғыз тілінде энантиосемия құбылысы өткен ғасырдың 80 жылдары зерттеле бастады дейді. Қырғыз ғалымы Б. Усубалиевтің антонимге арналған зерттеулерінде энантиосемия антонимдердің бір түрі деп қарап, оның табиғаты, пайда болуы, түрлері жөнінде біраз мәлімет берген [1].
Энантиосемия құбылысы жалпы тіл біліміндегі кей еңбектерде синонимия, антонимия, полисемия, омонимия секілді категориялармен қатар астаса қарастырылып келеді. Энантиосемия құбылысы орыс тіл білімінде біраз кандидаттық диссертация негізінде қарастырылды. Атап айтар болсақ, А.Нечяеваның «Энантиосемия внутриязыковая и межъязыковая как проблема коммуникации», «Популярное языкознание: энантиосемия», Б.Т. Ганеевтің «Первоначальное энантиосемия и диффузность в языке», И.А.Якунченкованың «К проблеме энантиосемии в лексико-семантической системе», Л.Р.Махмутованың «Место энантиосемии в системе языка» [2] т.б. еңбектерінде біршама қарастырылған. Қазақ тіл білімінде энантиосемия құбылысы жөнінде кей лексикология оқулықтарында, тіл білімі сөздіктерінде ғана айтылмаса, арнайы зерттеу нысаны болған емес. Десек те, М.Нурбердиевтің, А.Жүсіповтің орыс және араб тілдері материалдары негізінде жазылған зерттеу мақалаларынан өзге зерттеу жоқ. Ал қазақ тіл білімінде энантиосемия құбылысы антонимия аясында қарастырылып келеді: мәселен, Ж. Мусиннің, А. Жұмабекованың, АЖүсіповтің, М. Нурбердиевтің еңбектерін атауға болады. Ж. Мусин «Қазақ тіліндегі антоним сөздер» атты зерттеуінде: «Тілімізде антонимдердің кейде өзінің негізгі мағынасына тікелей қарсы мәнде жұмсалатыны бар… Бұл әдетте мысқылдау, шенеу мақсатында қолдану нәтижесінде жасалады да, ирония жасаудың таптырмайтын құралы болады» [3, 190 б.].
Энантиосемия барлық тілде бар құбылыс болғанмен, жеке құбылыс ретінде зерттеп, қарастырғандар санаулы ғана. Мысалы, антонимнің бір қыры ретінде қарастырылған немесе көпмағыналы сөздер аясында қарастырылған.
Р.А. Будагов энантиосемияны «полисемияның өзгеше түрі» деп есептесе, Ю.Г. Скиба: «антонимдік омонимия»деп атаған. Л.А. Новиков, В.В. Виноградовтар «омоантонимия» деп атаған.
Сонымен қатар И.Н. Горелов, О.И. Смирнова, В.Н. Прохоровалар бұл құбылысты «омонимия мен антонимияның тоғысуы» деп қарастырған. Осылардың арасындағы қайшы мағыналы жекелеген сөздері және тепе-тең материалды қабығы бар өтпелі құбылыс ретінде қарастырылады. Энантиосемияның семантикалық компоненттері болғанымен, оны омонимияға жатқызуға болмайды. Өйткені омонимдер дыбысталуы жағынан ортақ компоненттері жоқ, сондықтан да, олар мазмұндық тұрғыда әртүрлі болып келеді.
Сондай-ақ А.А. Реформатский, Л.А. Новиков, Я.И. Гельблу, Ф.П. Филин секілді ғалымдар энантиосемияны антонимияның бір түрі ретінде қарастырады. Бесценный, (баға жетпес) немесе құнсыз, сонымен қатар блаженный – шат-шадыман немесе ақыл-есі кеміс деген сөздерді мысалға келтіре отырып, энантиосемия деп қарастырады.
М. Нурбердиевтің айтуынша, П. Абрамов, Т.А. Федоренколардың пікірінше, энантиосемия омонимияға жатқызылады.
Энантиосемияны омонимияның арасындағы айырмашылық деп танитын Д. Алясиннің ойынша, «Омоним энантионимдердің арасында әрқайсысының көпмағыналылығынан басқа ешбір ұқсастығы жоқ. Және басқа жағынан қарағанда өзге тілдік құбылыстардай омоним мен энантионим арасында да ұқсастық жоқ. Ол екеуінің пайда болу себептері де бөлек. Сондай-ақ омонимде жоқ, тек энантионимдерге тән ерекшеліктер бар. Мысалы:
Энантионимдерді айтқанда, олардың екінші мағынасы да қатар еске түседі.
Сөйлеушінің оптимистік, мысқылдау, мазақтау да сөзінің мағынасын ауыстырып, екінші қайшы мағынада айтылуы да омонимде жоқ, тек энантионимдерде ғана бар».
Д. Мұхаммед әл-Мүнажжидтің ойы бұл пікірге мүлде қарсы. Оның ойынша «омонимнің бір түрі – энантионимдер».
Ал Ф.С. Бацевич энантиосемияны ауызекі сөйлеу тіліне тән деп қараса, отандық зерттеуші М. Нұрбердиев энантиосемия деп санайды [4].
Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «Энантиосемия (от греч. enantios – противолежащий,противоположный + сема – знак). Развитие в слове антонимических значений, поляризация значений. В слове «наверно» устарелое значение «наверняка» и современное «вероятно, по-видимому». В слове «честить» устарелое значение «оказывать честь, проявлять уважение» и современное «бранить, ругать, поносить» [5].
О.С. Ахманова энантиосемияға « поляризация значений» деген анықтама береді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, энантиосемия туралы лексикология оқулықтарында жалғыз ауыз түсіндіру арқылы ғана атап көрсетеді. Б. Сағындықұлының «Қазіргі қазақ тілі (лексикология)» атты оқу құралында: «Бір ғана сөздің қарама-қарсы екі мағынада жұмсалуы энантиосемия құбылысы деп аталады» деп көрсетілген . Осы анықтамаларды саралай келе, энантиосемияға бір сөздің бір-біріне қарама-қайшы екі немесе одан да көп мағынаға ие болуын жатқызамыз. Сонымен қатар энантиосемия деп танылған сөздердің арасында мағыналық байланыс болады. Нақтылай айтар болсақ, сыртқы морфемдік тұлғалары бірдей, бірақ қарама-қарсы мағынада жұмсалатын сөздер. Ал М. Нурбердиев: «энантиосемия – бір сөздің қарама-қарсы екі мағынада жұмсалуы» деп қысқа қайырады. Зерттеушінің айтуынша, бұл құбылыс араб тілінде әт-тадад немесе әл-аддад деп аталады. «Мысалы, Ибн әл-Анбаридің «Китаб әл-аддад», әс-Сағанидың «Китаб әл-аддад», Құтрұбтың «әл-Аддад», Әбу Ғубайданың «әл-Аддад», әл-Асмағийдың «әл-Аддад», әт-Тузидің «әл-Аддад», Ибн әс-Сиккиттің «әл-Аддад» атты еңбектерін атауға болады. Осы еңбектердің барлығында «әл-Аддад» деп, энантиосемиялық мағыналы сөздер қарастырылған [6, 113 б.]. Ал араб тілінде антонимдердің өзін «әл-аддад» деп атайтынын ескерсек, бұл еңбектерде антоним сөздер қарастырылады-ау деген ой келеді. әл-аддад терминін антоним деп қолданылғанмен, бірақ сөздіктердің соңында энантионим сөздерінің бірқатары қосымша ретінде берілген.
Жоғарыда айтып өткендей энантиосемия көпмағыналылық пен антоним арасындағы құбылыс болып табылады. Демек, энантиосемия бірдей таңбаланғанмен, білдіретін мағыналарының қарама-қарсы мәнде екендігін аңғартады. Бұдан энантиосемия құбылысы тілдегі ассиметрияның бір көрінісі екендігімен айқындалады.
Біз осы мақалада энантиосемияны өзге лексикалық құбылыстармен салыстыра қарап, антонимдер мен көпмағыналы сөздер арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды ашып көрсеткіміз келеді; энантиосемия құбылысын диахрондық және синхрондық тұрғыда қарастырып, пайда болу себептерін ашып беру, олардың жасалуына әсер еткен ішкі және сыртқы факторларды көрсету; энанатиосемияның түрлерін анықтау, түрлерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсету секілді мақсат та тұрды алдымызда тұрды.
Энантиосемия антонимия, полисемия, омонимдермен салыстырыла қарастырылып, жеке лексикалық құбылыс деп танылып отыр. Энантиосемиялар тек қана әдеби тілде ғана емес, диалектілік говорларда да кездеседі. Функционалдық өзгешелігіне, яғни бір-біріне қарама-қарсы қойылған мағыналық ерекшеліктеріне байланысты 1) номинативтік 2) эмоционалды-экспрессивтік энантиосемиялар деп екіге бөлдік. Екеуінің айырмашылығын, жасалу себептерін ашып көрсетуге тырыстық.
Бас 1) басы, басталуы,
2) аяқталуы, бітуі, шеті
Қазақ тіліндегі материалдарға көз жүгіртер болсақ:
Жану –от жану (бар болу)
Жану – жоқ болу
Кіру – су кіру (бар болу)
Кіру – киімнің кірігуі (кішірею, жоқ болу).
Қалу – біраз қалды (бар болу)
Қалу – жаман әдеті қалды (жоқ болу).
Бұған қоса, қарсы мәндерінің бірі бұл күнде актив қолданылса, екіншілері қолданыстан шығып қалған.
Осыған қарап отырып, энантиосемияны антонимдердің бір түрі ретінде қарастыру логикаға сыйымды.
Қағу. 1) бір нәрсені қағып түсіру, сілку, қаққылау. 2) дауыс салып, даусын шығару, ұрғылау, қаққылау. Мысалы, қоңырау қақты.
Көрініп тұрғандай, келтірілген мысалдарда процесс, қимыл-әрекет бірдей емес. Бірақ бұдан шығатын нәтиже бір-біріне қарама-қарсы. Біріншісінде, қағу арқылы ажырау, жоқ болу. Екіншісінде пайда болу, жаралу. Демек, бұл жерде қарама-қарсы қоюға негіз болған өзек – қағу, ал қарама-қарсы мәндер – қағып, жоқ қылу, не қағып, пайда қылу, бар болу.
Қырғыз ғалымы бұл туралы: «арс. Кагуу: 1) бир нерсени күбүп түшүрүү, силкүү, каккылоо: Жаман кабын кагып, бардыгер унун Каныбек менен Ажар нан жасоого жуура баштады (К.Ж.). 2) Дабыш салып, унчы уруш үчүн бир иерсени ургулоо, каккылоо: Конгуроочу аял алундагы конгуроосун какты (К.Б.).
Осы тілдік бірліктерді қырғыз зерттеушісі Д. Осмоналиева энантиосемиялы сөз деп таниды: «Көрүнүп тургандай, келтирилген мисалдарда процесс, кыймыл-харекет (өзөк) бирдей эле: кагуу. Бирок андан чыккан натыйжа карама-каршы: биринчисинде кагуу аркылуу ажыроо, жок болуу (ун), екинчисинде, тескерисинче, пайда болуу, жаралуу (ун) мааниси ачилди. Демек, бул жерде карама-каршы коюга өбөлгө түзгөн өзөк – кагуу, ал эми карама-каршы түгөйлөр: «кагып, жок болуу, ажыроо» – «кагып, пайда кылуу, бар кылуу» деген пікір айтады [7, 10 б.].
Қалу. Кандайдыр бир нерседен ажыроо, аны мурдагыдай улантууга, аткарууга мүмкүн жагдай. Атабыз баягыдай эмес, тамактан да, кеп-сөздөн да да калып, чыкпайт (А.Т.). 2) Элдин эсинде сакталуу, унутулбоо, өзүнөн кийинкилерге өтүү. Токомдун айткан ыры деп, аларга калсын таралып (Т.).
Қалу сөзін қарама-қарсы қоюға негіз болған жалпы семантикалық өзек «қалып қою, жоқ болу» және «қалып, бар болу, жайылу» мағыналарын энантиосемиялық мәндер деуге болады.
Мысалдар айқындағандай, энантиосемия мен полисемияның жалпылығы – екеуін де тең қарама-қарсы (энантиосемияда) жаңа әр түрлі (полисемияда) мағыналарды біріктіріп тұрушы жалпы семантикалық өзектің болғандығы. Қазақ тіліндегі омонимдік энантиосемияларға қию 1) кесу, ажырату; 2) біріктіру, бас қостыру (неке қию); біту 1) таусылу, жоқ болу. 2) пайда болу, жаралу (бойға біту). Бірақ омомноимдік энантиосемиялардың барлығы да бір типтес емес. Мысалы тілімізде баю 1) көбею, 2) азаю.
Кей жағдайларда қарама-қарсы мағыналарының ортасында қандай байланыс бар екендігін анықтау өте қиын. Сондықтан екеуінің де түбі бір болса, сыртқы тұрпаты бойынша ұқсас сөздер секілді сөздер қалыптасқан.
Энантиосемияны тарихи, диахрондық құбылыс ретінде қарастыру жөн, дегенмен, тектес тілдер, диалектілер, говорларда көбірек ұшырасады. Шындығында, тіліміздегі энантиосемиялардың көпшілігін кейінгі энантиосемиялар толықтырады. Бұл жердегі кейінгі энантиосемиялар деп отырғанымыз соңғы жылдары пайда болған энантиосемиялар түзеді. Мәселен, қазіргі жастар тілінде қолданылып келе жатқан жынды, қиын секілді сөздер қатарын жатқызамыз.
Қазіргі жастар тілінде жынды көйлек сатып алдым деп айтатындары кездеседі. Осы жердегі жынды сөзі өзінің дәлме-дәл мағынасында тұр ма? Тұрған жоқ. Енді жастар осы сөзді не үшін жағымды мәнде қолданып жүр деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Жынды сөздің мағынасы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынадай мәні бар:
Жынды 1. Ақылдан адасқан, есуас, жарымес. 2. Ауысп. Тентек, әумесер, есерсоқ. 3. Ауысп. Жынды көбелек. – жарық қуып, шыр айналып ұшатын түн көбелегі. Жынды қойдың миын жеген – жынданған, есі ауысқан (332 б., ҚТТС).
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жағымсыз мәндері берілген. Бірақ кез келген мағынасын алсақ та, жарымес, ақымақ болса да, дүлей күшті бар екені анық. Жын сөзінің өз мағынасы біраз нәрсені аңғартқандай.
Жан І 1. Діни сенім бойынша көзге көрінбейтін жын-шайтан, әзәзіл, пері. 2. Этн. Бақсыларды екілендіріп қоздыратын, құтыртатын, оның бойында сыйқырлық бар деп сендіруші рухани қасиет (332 б., ҚТТС).
Жын буды, жын қақты, жын соқты, жын ұрды, жын қуғандай, жынойнақ, жынын алдырған бақсыдай, жыны басылды, жынына тиді, жынын құсты, жынын шақырды секілді тіркесті оралдымдардың мән-мағынасынан көзсіз күш-қуаттың бар екенін көреміз. Осы күштілік мағынасы келе-келе жастар тілінде энантиосемиялы мәнге ие болып, қарсы мәнді иемденген.
Сатылап даму барысы, біздің ойымызша, мынадай: жынды (тура мағынасы – жынды (бір-бірін мазақтау арқылы пайда болған эмоционалды мағына – жынды (оның мінезі жынды), жынды – оның киімі жынды, басы жынды істейді т.б. қолданыстарға ие болған. Бүгінгі күнде жастар тілінде жынды шағады, жынды киінеді, жынды сөйлейді, жынды шашады секілді бағалау тілдік бірліктері қолданылады.
Жынды сөзінде күштілік семасы қатар өрілген. Кімде күш-қуат бар, сол мықты деп ұғынатын заманда жынды сөзі сөйлеуде неге жақсы мән иеленбеске. Осы сөйленімді Мен жынды көйлек сатып алдым.
Мен мықты көйлек сатып алдым.
Мен күшті көйлек сатып алдым.
Мен әдемі көйлексатып алдым.
Мен тамаша көйлек сатып алдым деп түрліше түрлендіруге болады. Ал енді қазіргі жастардың «жынды көйлек» сатып алуына не себеп деген сұраққа жауап іздейік. Қазіргі жастардың таным-түсінігі, ойлау дәрежесі бұрынғыға қарағанда әсемдікке емес, дөрекілікке жақын. Осы себепті де әдемі сөйлеп, ақылыдық танытқаннан гөрі, эмоцияға беріліп, экспрсессиясын білдіргенді жөн санайды.
Мәселен, кейінгі кездері «жынды» сөзін «жақсы, күшті» сөздерімен ауыстырып, айтып жүр. Алдымен, сөздің түп-төркініне назар аударайық. «Жын» – араб сөзі. «Жасырын, көмес болу, көзге көрінбеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, «жынды» деген сөзі «ақылынан алжасқан, есуас, жарымес» дегенге саяды. Біз болсақ, күнделікті өмірімізде әлдебір жаңа киім не бұйым сатып алсақ, екінші бір адам көріп: «Жындысын алыпсың! Құтты болсын!» немесе «Мынауың жынды ғой?!» деп таңғалып жатады. Кейде әлденеге ашулансақ, «жыныма тимеші», «жыным келіп тұр» деп айтамыз.
Номинативтік және эмоционалды-экспрессивті энантиосемиялар бір-бірімен қарама-қарсы мәндерімен ажырайды. Бұл жағынан алып қарағанда олар ұқсастығын байқаймыз, екінші жағынан мынадай айырмашылықтарды байқауға болады:
А) номинативтік энантиосемиялар эмоционалдық-стилистикалық жағынан бейтарап, нейтралды болып келсе, эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемиялардың қарама-қарсы мағынада қолданылуы тікелей эмоцияға, бағалауға байланысты. Ә) Эмоционалды-экспрессивтік энантиосемиялар контекст және дайын күйінде қолданылса, номинативтік энантиосемияларда мындай шартталуға қарағанда, әлсізірек болып келеді. Сөздің эмоционалдық, экспрессивтік, бағалау мағыналары өзара байланыста болады және эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемияларда бұл үшін мағынасы тең әртүрлі дәрежеде қатысады. Осындай сөздердің лексикалық мағынасы негізінде пайда болып, қалыптасады. Эмоционалды-экспрессивті энантиосемиялар өздерінің маңызы бойынша номинативтік энантиосемиялардан ешбір ерекшеленбейді. Өйткені мұнда бір сөз қарама-қарсы мағынада қолданылады. Бірақ бұл жерде екеуінің ортасында атап айтатындай өзгешелік жоқ деген пікір тумауы керек. Екеуінің өзара айырмашылығы нәтижесінде мына мәселелерді бөліп көрсетуге болады:
1) эмоционалдық-экспресситвік энантиосемиялардың қарама-қарсы мағынада қолданылуы бағалау және эмоциямен тікелей байланысты болады. Олардың жасалуы, қарама-қарсы мәнде қолданылуы эмоция мен бағалауға байланып тұрады. Мысалы, байғұс, бейшара, бейбақ, солы, ит, айуан, көксоққан, т.б. сөздер бір мағынада жек көру, кекету, масқаралау т.б. сезімдерді білдіріп, сөйлеушілер тарапынан теріс бағаланса, екінші бір жағдайда керісінше, разы болуды, еркелетуді білдіріп, жақсы мәнге ие болады.
2) эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемиялар контекст пен дайын күйінде қолданылады. Ал номинативтік энантиосемияларда мұндай шарттар болмайды. Осының айғағы ретінде білгіш сөзін мысалға келтіре кетейік:
Көрініп тұрғандай,жоғарыдағы мысалдарда білгіш сөзінің мағынасы (оң және теріс) лексикалық та, грамматикалық да құралдар арқылы емес, контекс арқылы анықталып тұр.
Эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемиялар өздерінің табиғаты бойынша өзара өзгешеленіп тұрады. Сондықтан оларды шартты түрде әртүрлі семантикалық топтарға бөліп қарауға тура келеді. Біз бұл жерде әр топқа өзінше тоқталардан бұрын қаралып жатқан мәселеге тікелей байланысы бар эмоционалдық мағынасы бағалау және экспрессивтілік деген мәселелерді шешіп алған жөн.
Сөздің эмоциялық мағынасы жайдан-жай пайда болмайды. Ол сөздің лексикалық мағынасы негізінде жасалады. «Лексикалық мағынасы зат пен олардың сипатын атап көрсетуге негізделсе, эмоционалдық мағынасы сөйлеушінің осы сипаттар негізінде пайда болған субъективті көзқарасы, бағалауы арқылы анықталады» [4]. Мысалы, Қайғырмашы, кемпірім! Ұйықтап қалғаным бір жағынан дұрыс болыпты, бір керемет түс көрдім деген сөйлемдегі кемпірім сөзі, бір жағынан, жасы ұлғайған, кәрі әйел деген мағынаны білдіріп, заттың атын білдірсе, (бұл – оның лексикалық мағынасы) екінші жағынан ішкі сезімді – еркелету мағынасын білдіреді. Бұл – оның эмоциналдық мағынасы. Бұл жердегі нақтылайтын, айта кететін нәрсе – ол негізгі лексикалық мағынасының эмоционалдық мағынаның тууына негіз болады. Эмоционалдық мағына туған кезде лексикалық мағынасы белгілі бір дәрежеде көмескіде қалады. [4, 25б.].
Егер де сөз қарама-қарсы мәнде жұмсалып, эмоционалдық мәнді берсе, бұл сөз міндетті түрде бағалау қасиетіне ие деген сөз. Эмоционалдық компоненттен ерекшеленіп, сөздердің синтаксистік байланысына қарай, контекст негізінде айқындалады. Бағалауда, негізінен, жақтыру, жақтырмау мәндері бар. Сонымен қатар орташа бағалау түрі де кездеседі. Осыған қарап, бағалаудың үш түрі бар деп санаймыз. Десек те, бағалаудың үш түрінің ішінде ең көп қолданылатындары жақсы және жаман мәндері.
Лексикалық мағынаның эмоционалдық-экспрессивті энантиосемияға айналуы тұрғысынан ғана қарастырып отырмыз. Ал, негізінен, лексикалық мағынаның ауқымы бұдан да кеңірек. Бұған қоса айтарымыз қазақ тіл білімінде эмоциялық мәнге ие сөздер, экспрессивті мәнге ие сөздер және бағалауыш мәнге ие сөздер жеке-жеке қарастырылу керек. Бірақ біздің тіл білімінде эмоционалды-экспрессивті сөздер деп қосарланып келген термин арқылы айқындау басымырақ. Эмоционалдық бағалауыш лексиканы 2 топқа бөліп қарастыруға болады: 1) ризашылықты білдіретін сөздер, 2) наразылықты білдіретін сөздер. Бұлардың бірінші тобы оң бағаны білдірсе, екіншісі теріс, жақтырмайтын мәнге ие. Бірақ бұл жерде ризашылық пен наразылықтың тууына қандай нақты эмоция мен сезім әсер етеді деген сұраққа эмоционалдық-бағалауыш сөздердің бойындағы максросема жауап береді. Сондықтан қырғыз ғалымы А. Сапарбаев мыңға жуық сөздердің өзара 13 (жақсы көру, сүю, жалыну, қолдау, қуаттау, еркелету, разы болу, тан қалу, шошу, өкіну, наразы болу, көңіл айту, жұбату, аяу, бауырына жаны ашу, қарсы болу, жақтырмау, мысқылдау, табалау, масқаралау, жоқтау, армандау, кекету, ашулану, жек көру секілді мәндерін келтірсе, профессор Б. Усубалиев тоғыз (жақсы көру, ерекелету, жалыну, разы болу, жақтыру, қуаттау, сұқтану, аяу, қалау-тілек, сұраныс, өтініш, арман, өкініш, аңсау, жақтау, таң қалу, шошу, жақтырмау, жек көру, қарғау, қарсы болу, жекіру, көңіл жұбату, көңіл айту, мысқылдау, табалау секілді семантикалық топтарға бөліп қарайды. Бұл бір. Екіншіден, эмоционалдық бағалауыш мағынаны білдіретін сөздердің көпшілігі энантиосемиялық қасиетке ие. Разы болу, жақтыру – оң мәні, наразы болу, жақтырмау – теріс мәні болып, қарама-қарсы мәнде қолданылады.
Эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемияларға байланысты тілдік деректерді жинастыруда, біздің ойымызша, мынадай 2 мәселеге көңіл аударған дұрыс. 1) эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемиялардың пайда болу және даму себептерін ашып беру және 2) оларды өзара семантикалық топтарға бөлу. Бұл екі мәселені тығыз байланыста қарау керек. Өйткені, біріншіден, эмоционалдық-экспрессивтік энантиосемиялар жасалуларына қарай өзара айырмашылығы болмай қоймайды. Және оның қайсысы семантикалық топқа кірерін анықтауда дәл осы мәселе бірінші орында тұрады да, екіншіден, мұндай типтегі энантиосемиялардың әрбірін семантикалық топқа жіктей салу қиын, себебі олардың көпшілігі көпмағыналы, құбылмалы болып келеді. Мысалы, байғұс сөзін алып қарайық: Контекске қарай бірде жаны ашу, бірде кекету, енді бірде еркелету, жақтырмай т,б, секілді семантикалық топқа қосамыз. Бұған қоса олардың мағынасын анықтап, шектеуші құралдардың да көлемі өте үлкен. Мысалы, бұл сөздің мағынасы бір сөйлемнен емес, кей жағдайда бүтіндей бір көркем шығарма атқаруы мүмкін жағдайлар да кездеседі.
Тіліміздегі әр сөзге әртүрлі мағыналық реңк беріп, айта беруге болады, десе де олардың бәрін бірдей энантиосемияларға жатқызуға бола ма? Бұлардың ішінен оң және теріс мағынаның актив, жарыса қолданылып, осындай қарама-қарсы мағынада қолдану тұрақты қабылдауға айналып отыр.
Қорытындылай келе, энантиосемия – бір сөз ішіндегі қарама-қарсы және бір сөздің қарама-қарсы мағынада қолданылуы. Энантиосемиялардың сырлылығы және табылуы бір сөздің қарама-қарсы мән беруінен келіп шығады. Энантиосемияның лексикалық жүйеден орын алатындығын, тілдік құбылыс екенін анықтау үшін оны өзге де лексикалық құбылыстармен салыстырып, теру керек. Антонимдер мен энантиосемиялардың жалпылығы, ұқсастығы қарама-қарсылығында, екеуінің де тең қарама-қарсы мағынасында қолданылуында жатыр. Қарама-қарсы мағыналардың ұйымдасуы, реализациялану жолдары, құралдары, танылып, біліну деңгейі, контекске және объективті шындыққа жанасымдылығы бойынша энантиосемия мен антонимия өзара ерекшеленіп тұрады.
Энантиосемияның пайда болуын тілдің пайда болуымен тығыз байланыста қараған жөн. Бұл процесс адамның ойлау жүйесімен тікелей байланысты. Энантиосемияның пайда болуына лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар әсер етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Усубалиев Б. Кыргыз тылынын антонимдер сөздугу. Бишкек, 1998.
2 Ученые записки Казанского университета. Серия: гуманитарные науки. Выпуск № 3, том 151/ 2009.
3 Мусин Ж. «Қазақ тіліндегі антоним сөздер»
4 Нурбердиев М. Араб тіл ғылымындағы энантиосемия құбылысы (113-115 бб. ҚазҰУ Хабаршысы, Филология сериясы, №6 (96), 2006.
5 Розенталь Д.Э. Словарь лингвистических терминов М., 1992.
6 Нурбердиев М. Араб тіліндегі кейбір энантиосемиялық атаулар жайында // Исламтану және араб филологиясы мәселелері атты жинақ.. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (2007-2008). (113 б.)
7 Осмоналиева Д. Кыргыз тилиндеги энантиосемия. 10.02.01 – Кыргыз тили. Автореф. Филология илимдеринин кандидаты окумуштулук даражасин алуу учун жазылган диссертация. Бишкек, 2007

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!