Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның мемлекеттік сапары кезінде қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын тәжік елінде ашудың келешегі талқыланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Президенттердің бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл сала біздің бауырлас халықтарды байланыстыратын маңызды сала болып есептеледі. Қазақстанда Тәжікстанның мәдени күндерін өткізу, өзге бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол жеткіздік. Бұл да мемлекеттеріміздің арасындағы байланыстың тығыз екенін айғақтайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, екі тарап та білім беру саласындағы әріптестікті тереңдетуге мүдделі.
«Қазақстан Тәжікстаннан біздегі жоғары оқу орындарына келетін студенттерге арналған гранттардың санын арттырды. Қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашудың келешегі туралы мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Бәлкім Тәжікстан жоғары оқу орындарының базасында бірлескен факультеттер ашылатын шығар. Бұл шаралар екі ел жастарының әрі қарай да жақындасуына, халқымыздың арасындағы достық қатынастардың бекуіне жол ашатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!