«Erasmus» бағдарламасы – білім беру мен мәдени алмасудың халықаралық көпірі. 1987 жылы Еуропалық Кеңес іске қосқан бұл бағдарлама әлемдегі танымал жобаның біріне айналды. Себебі оқимын, көремін, ізденемін деген студенттер мен оқытушыларға түрлі жәрдемақылар мен шетелдік ЖОО-да тәжірибе алмасу қарастырылған. Ал ең танымал бағыты «Erasmus+» аясында әр қатысушы жаңа дағды қалыптастырып, кәсіби деңгейін арттырады.
Бұл бағдарлама Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланысты нығайту бағытына да үлес қосады. Алайда пандемиядан кейін қазақстандық ЖОО-лардың белсенділігі төмендеген. Бұл жөнінде Қазақстандағы «Erasmus+» бағдарламасы Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова айтты.
Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Еуропалық Одақтың бағдарламасы бойынша ақпараттық сессия өтті. Іс-шараға Ұлттық кеңсенің үйлестірушісі Лаура Қалабайқызы, университет ұжымы мен студенттер қатысты. Ақпараттық жиын барысында спикер баяндама жасап, халықаралық кредиттік ұтқырлық, бірлескен магистрлік бағдарламалар, Jean Monnet жобалары мен жоғары білім әлеуетін арттыру туралы ақпараттармен бөлісті.
− Жобалардың басты мақсаты – ЖОО әлеуетін арттыру. Студенттер арнайы магистратура бағдарламаларына тегін қатысып, екі жыл ішінде 2-3 Еуропа елінде білім ала алады, − деді ол.
Бағдарлама аясында ЖОО рейтингі де жүргізіледі. Мәселен 2022-2023 жыл аралығындағы көрсеткіш бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті көш бастап тұр. Кейінгі орынға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайғасса, үздік үштікте М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті бар.
Айта кетейік, бағдарлама ЕО арқылы қаржыландырылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының белсенділігін арттыру мақсатында үйлестірушілер ақпараттық науқан ұйымдастыруда. Соның аясында Лаура Палуанова түсіндірме жұмыстарымен Батыс Қазақстанда кездесу өткізіп, Қызылордаға табан тіреді.
− «Erasmus+» ЕО-ның сәтті әрі танымал бағдарламаларының бірі. Қазақстандық ЖОО-ларды тарту үшін қарқынды түрде ақпараттық жұмыстарды қолға алдық. Батыс Қазақстаннан бастап, Оңтүстік аймаққа келдік. Қызылордадан кейін Түркістан әрі қарай Шымкент қаласына барамыз. Бұл ретте түсіндірме жұмыстарының рөлі зор. Себебі пандемиядан кейін ЖОО-лардың белсенділігі төмендеді. Бірақ Қазақстанның жетістіктері де аз емес. 2015-2020 жылдары бағдарламаның 1-кезеңі өтті. Екінші кезең 2021-2027 жылдар аралығына жоспарланған. Жиын барысында айтқанымдай, мұның мақсаты білім беру жүйесінің, оқытушылардың, студенттер мен әкімшілік қызметкерлердің әлеуетін арттыру, − деді үйлестіруші.
Жиын соңында «Erasmus Mundus Joint Masters» магистратура бағдарламасы туралы айтылды. Бұл консорциум арқылы жүзеге асатын интеграцияланған халықаралық жоба. Мамандардың айтуынша, бағдарлама сәтті аяқталғаннан кейін студент екі немесе одан да көп жоғары оқу орнынан біріккен диплом немесе әр университеттен жеке диплом ала алады.
Әлия Тәжібай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!