Киім ілгіш жанында оқушы қыздардың бірі құлап, тапталып қала жаздады.

Жанжалға Талғар қаласындағы №3 мектебіндегі оқиға себеп болды. Сабақтары біткен соң балалар киім ілетін жерден сырт киімдерін алуға асыққан. Кадрлардан бір сәтте оқушы қыздардың бірі еденге құлағанын көруге болады. Қалған балалар бұған мән бермейді, құлаған қыздың үстінен аттап, гардеробқа ұмтылған.

«Жөндеуден кейінгі мектеп, тәртіпсіздік! Бала тапталып қалды, мектеп әкімшілігі қайда қарап отыр? Бұл балалар! Гардеробта қыз құлап қалды, тапталып кете жаздады, гардеробшы да, мұғалім де жоқ. Бұған кім қарауы керек?» деген ашулы ата-ананың бірінің сөзін «Бесінші аймақ» жеткізді.

Бақытымызға орай, балалардың бірі қызға көмектесіп, оны еденнен көтерген, бірақ оқушы қыз қатты қорқып қалған.

Бұл оқиғадан кейін мектеп ұжымында гардероб қызметкері болмағандықтан, сыныптарға сырт киімдерін алып кіруге шешім қабылдағаны хабарланды.

Облыс әкімдігі оқиғаға пікір білдірді.

«Абай атындағы №3 мектепте 2054 оқушы білім алуда. Оқиға ағымдағы жылдың 17 қарашасында 2-ші ауысымда сабақ біткен кезде болған. Оқиға кезінде 6-сынып оқушысы топ арасында қалып, артынан құлап кеткен. Оның орнынан тұруына сыныптастары мен кезекші мұғалім көмектескен.

Мектеп директоры Ж.Құмароваға ҚР Еңбек кодексінің 64-бабының 2-тармағына сәйкес, тәрбие жұмысындағы олқылықтары үшін «сөгіс» түріндегі жаза қолданылып, еңбек қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды. Қазіргі уақытта қыздың денсаулығы жақсы» делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!