Елдегі білім саласының басты әрі дәстүрлі басқосуының бірі – тамыз конференциясы биыл да өзекті тақырыптарды күн тәртібіне шығарды. Бұл жиын сала мамандарының басын қосатын кәсіби кеңес қана емес, елдің білім саясатын айқындайтын, алдағы бағыт-бағдарды белгілейтін стратегиялық алаң саналады.

Биылғы конференцияда да қоғам назарындағы өзекті тақырыптар қозғалды. Білім сапасын көтеру, мұғалім мәртебесін арттыру, жаңа заман талаптарына бейімделген әдістемені енгізу – барлығы да талқылаудың өзегіне айналды. Сонымен қатар оқушыға сапалы білім беру ісінде озық технологияны пайдалану мен инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіру мәселесі ерекше мәнге ие болды. Тамыз конференциясында айтылған ойлар – жаңа оқу жылының басты бағдаршамы. Сондықтан бұл жиынның әрбір талқылауы мен ұсынысы ертеңгі білім саясатының нақты қадамдарына айналмақ. Ендеше Мемлекет басшысының қатысуымен Елорда төрінде өткен конференцияда не айтылды, қандай өзгеріс енгізілмек, қарастырайық.

Республикалық жиын биыл «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналды. Конференция жұмысы бірнеше маңызды бағыттарды қамтыды. Соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар беру, болашақ маманға қажетті hard, soft, digital дағдыларды дамыту, әдеп, қауіпсіздік және сапаны ескере отырып, орта білім беруге жасанды интеллектіні енгізу, «Қазақстан балалары» стратегиясын жүзеге асыруда мүдделі органдардың өзара іс-қимылын дамыту талқыланды.

Ауқымды іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Конференция аясында «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды бала- лар – ел мақтанышы», «ТжКББ-дегі үздік тәжірибелер», «Білім берудегі цифрлық шешімдер» тақырыптарында арнайы көрме ұйымдастырылып, білім беру саласындағы соңғы жетістіктер, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуге арналған экспозициялар таныстырылды. Мұнда заманауи цифрлық құралдар, интерактивті платформалар, әдістемелік әзірлемелер мен тиімді оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиында елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты екенін жеткізді.

– Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деп сөз сөйледі.

Бүгінгі білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселенің бірі – сапалы кадр даярлау. Ұстаз – қоғамның шамшырағы, жас ұрпақтың тағдырын айқындайтын тұлға. Сондықтан педагогикалық мамандықты таңдаған жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау – келешектің кепілі. Президент те бұл бағыттағы нақты шараларға тоқталып, былай деген еді:

«Мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау – айрықша маңызды жұмыс. Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады».

Шындығында да, кейінгі жыл- дары педагогика бағытына бет бұрған білімді де, білікті жастардың қатары артты. Мысалы былтырдың өзінде 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегерінің таңдауы ұстаздық жолға түссе, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек осы мамандықты таңдаған. Бұл – болашақта білім сапасын арттыруға серпін беретін үлкен әлеует. Демек, алдағы уақытта білім беру жүйесінде «Мәртебелі мұғалім – сапалы білім – бәсекеге қабілетті ұрпақ» деген тізбекті басты қағида ретінде ұстану қажет.

Осы ретте айта кеткен жөн, жақында Президент Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен кездесіп, дарынды оқушыларды марапаттады. Кездесуге 24 лауреат, атап айтқанда, төрт алтын, 11 күміс және тоғыз қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.

Басқосу барысында Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынып, мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмысқа жегу – заңға қайшы екенін тағы да ескертті. Алайда жергілікті билік тарапынан мұндай жағдайдың әлі де кездесіп қалатыны жасырын емес. Сондықтан прокуратура органдарының араласуы қажет деген ой айтылды.

Сонымен бірге балаларға қатысты жазатайым оқиғалардың барлығына мұғалімді кінәлау – әділетсіздік. Әсіресе мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан болған оқиға үшін ұстаз жауап бермеуі тиіс. Мәселен, Алматы облысында түлектер арасындағы қайғылы жағдайдан кейін мұғалімдер мен директорге жауапкершілік артылып, жұмыстан шығарылған еді. Осындай тәжірибеден сабақ алып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын нақтылайтын өзгерістер енгізу қажет екені айтылды.

Тағы бір өзекті мәселе – мектептегі ас мәзірінің сапасы. Маңғыстауда орын алған оқушылардың жаппай улану оқиғасы білім беру жүйесіндегі бақылау тетіктерін күшейту керегін көрсетті. Сол себепті мектеп асханаларындағы тамақтың сапасын қадағалау Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілді. Бұл – балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

«Өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек» деген ұранды ұстанатын Қасым-Жомарт Кемелұлының 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі де осы ұстаздарға қатысты еді. Оның айтуынша, сол жылдан бері білім саласындағы бюджет үш есе артқан. Осы уақыт ішінде 1 миллионнан астам оқушыға 1200 мектеп бой көтерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп салу жоспарланса, оның 128-і толық салынған. Мұнан бөлек білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 60-тан астам мектеп тұрғызылып, тағы отызының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ педагогтердің әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлініп отыр.

– Соңғы төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тамыз конференциясында білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазға мемлекеттік наградалар табысталды. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік білім беру қызметкерлеріне қоса, жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және білім саласымен тығыз байланыстағы түрлі ұйым қызметкерлеріне марапат табыстады. Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар болды.

– Білім беру саласы – балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті, – деп атап өтті өз сөзінде министр Ғани Бейсембаев.

Келесі мәселе бойынша білім беру саласының болашағына қатысты маңызды бағыттардың бірі айқындалды. Енді мектептер мен колледждерде цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін жедел енгізу көзделіп отыр. Бұл қадам оқу сапасын арттырып қана қоймай, білім беру жүйесіндегі теңсіздікті еңсеруге жол ашады.

Қазіргі таңда еліміздегі мектептердің 95 пайызы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бұл – тек инфрақұрылымға қол жеткізу емес, әлеуметтік әділдіктің де кепілі саналады.

Цифрландыру үдерісі ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына, инклюзивті ортаны қалыптастыруға да серпін бермек. Сонымен бірге білім беру саласына қатысты көптеген қызмет электронды жүйеге көшірілген. Мәселен, мектепке қабылдау, басқа білім ордасына ауысу секілді рәсімдер онлайн форматта жүргізіледі. Ал барлық негізгі ақпарат «Bilim» мобильді қызметіне топтастырылып, ата-аналар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасалған.

Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған ауқымды жоба іске қосылды. Бұл бастама бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен «Өрлеу» тренерлері Ұлттық банктің 100 өңірлік филиалының қызметкерлерін заманауи оқыту әдістеріне үйретеді. Бағдарлама коучинг пен фасилитация, топтық жұмыс, ұлттық қаржы жүйесі, инвестиция және қаржыны басқарудың қазіргі тәсілдерін қамтиды. Ал қыркүйектен бастап мектеп пен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын 6 мыңға жуық мұғалім бес күндік курстан өтеді. 2026 жылы тағы шамамен 4 мың педагогты қамту жоспарланған.

Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама аясында тәрбие жұмысы жаңа форматқа көшпек. Ал жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданып, оның негізінде жас ұрпақты тәрбиелеудің кешенді жүйесі жүзеге асырылады.

Конференцияда түзетулер, білім саласындағы жаңалықтар мен жаңа бастамалар айтылды. Жаңа оқу жылы ұстаздарға да, ата-аналарға да, билікке де ортақ жауапкершілік жүктейді. Білім жолында айтылған ой мен қабылданған шешімдер құр қағазда қалмай, нақты іске айналуға тиіс.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!