«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы орталықтардың Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күніне арналған ғылым аптасы аясында «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Қызылорда Болашақ университетінің 1-курс білім алушыларына филология, журналистика және тарих кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Қ.З. Қыпшақбаев «Сыр бойындағы қала мәдениеті және рухани құндылықтар» тақырыбында ғылыми-танымдық дәріс өткізді. Дәріс Қызылорда облысының тарихи-өлкетану мұражайында өтті.

«Сыр – Алаштың анасы» деп тарихқа жүгінсек, бұл жерде қазақтың үш астанасы − Жент, Сығанақ, Қызылорда қалалалары орналасқан. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 12 тарихи ескерткіш еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне және 60 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Жалпыұлттық қасиетті нысандарға − ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ, Жент қалашықтары жатады. Осы қалалардан қалған іздері, табаны, орналасқан аймағы туралы білім алушыларға толығымен карталармен, түрлі-түсті суреттермен мәлімет берілді.

Сырдарияның төмен ағысындағы оғыз қалалары туралы мәлімет 1959-1960 жылдары С.П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ-ның барлау отряды бұрын белгісіз болып келген Іңкәрдария және Жаңадария бассейндеріндегі орналасқан «Оңтүстік Оғыздар» ескерткіштер тобын ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өңірдің ортағасырлық қалалары мен қоныстарын зерттеу оларды барынша бірнеше топқа бөлуге мүмкіндік берді. Іңкәрдария мен Жаңадария бассейінің шығыс, сирек жағдайда орта бөлігінде орналасқан қалашықтарына Жент, Сырлытам, Заңғар қала, Асанас, Орқала, Ақтөбе қала жұрты жатады. Бұл қалалар көп функционалды, саяси әкімшілік орталықтарының рөлін атқарды, қолөнер кәсіптерінің, сауданың және ауыл шаруашылығының шоғырланған жері, ғылымның, білім мен мәдениеттің орталығы болғанын көрсетеді.

Облыстық тарихи Өлкетану мұражайының ғалым-хатшысы А.Қ. Сайлау «Қасиетті Қазақстан және археология» залында білім алушыларға неолит, кейінгі қала, ерте темір дәуірі, ортағасыр дәуірлері мерзімделетін Қызылорда облысы территориясында тиесілі археологиялық ескерткіш кешендер, архитектуралық ескерткіштер, тарихи маңызды оқиғалар, Сыр өңірінде ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедицияларынан көріністер, П.И. Лерх, А.Н. Бернштам, С.П. Толстов (ХАЭЭ) экспедициялары туралы құнды мәліметтер, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүргізілген экспедициялар, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық» жобасы бойынша Қызылорда облысынан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген 60 тарихи-мәдени ескерткіштер тарихы мен сол дәуірлермен мерзімделетін археологиялық экспонаттар және облыстық музейдің «Археология» экспозициясында орналасқан 2023 жылы жергілікті ғалым археологтардың тікелей бастамасымен «Шірік Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымы» реконструкцияларымен жалпы білім алушыларға қосымша дерек ретінде толығымен баяндап берді.

Университет білім алушылары осы дәріс арқылы мұражайдағы 10-нан аса залда орналасқан экспонаттармен танысты, өлке тарихына байланысты мол мағлұмат алды.

«Руханият» ғылыми-зерттеу орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!