Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Болмағанды болдырайық дүниеге,
Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық.

Сәкен Сейфуллин

Мектеп – парасат пен кемелдікке бастайтын қақпа. Мектеп – ертең мен бүгінді жалғайтын білім ошағы, сәулелі болашаққа апарар кеме. Қазір елімізде түрлі білім ордалары салынып, ұрпаққа жаңаша бағытта білім таратуға атсалысу үстінде.

Сыр өңірі өнер мен білімге, ағартушылыққа ертеден-ақ ерекше көңіл бөлген. Бұл өңірден ғылымның әр саласының саңлақтары түлеп ұшқан. Талайдың талабын таудай етіп, асқақ армандар мен мақсаттардың іске асуына себепкер болған, Қызылорда қаласындағы тарихы терең білім ордаларының бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеплицейі.

Тарихы ертеден тамыр жайған мектептің алғашқы іргетасы 1964 жылы қаланды. 1964 жылдан 2000 жылға дейін С.Сейфуллин атындағы №4 орысқазақ орта мектебі болып келсе, 2000-2001 оқу жылынан бастап қазақ сыныптары ғана оқытыла бастады.

Мектептің әр кезеңде жеткен жетістігі аз болған жоқ. Осы алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қосқан №4 орта мектеп сонау Қасымбек Ибраев басқарған алғашқы жылдардан бері талай асу, белестерден өтіп, дәуір кезеңіне сәйкес жаңалықтарға үн қосып, алдыңғы толқын ұстаздар негізін салған дәстүрді сақтап келеді.

Алғашында орыс-қазақ мектебі болып ашылып, білім ошағы өзінің өсу-өркендеу жолында талай қиындық пен табысты сәттерді бастан кешті. Бүгінгі тәуелсіз елдің талантты балаларын оқытатын «ақпараттық-технология мектеп-лицейі» (IT-мектеп-лицей) деңгейіне дейін көтерілді.

Шәкірті биіктен көрінсе ұстаз мерейі артары сөзсіз. Әмбебап білім ордасының бәсекеге қабілетілігі түлектерінің деңгейімен өлшенсе керек. Бұл тағылымды білім ордасы бүгінгі күнге дейін мыңдаған түлекті ұшырды. Қазіргі таңда олар қоғамның кез келген саласында еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар.

Алмат Бақытбекұлы басқарып отырған мектеп ІТ-мектеп-лицейі статусын алып, шәкірттердің түрлі бағытта білімін жетілдіруіне мүмкіндіктер ашуда. Мектептің материалдық-техникалық базасы да жаңартылып, ұстаздар білім беруде соңғы технологияларды пайдалануда. Бүгінде мектепте ұстаздар мен оқушыларға біліммен қатар шығармашылықпен де айналысуға барлық жағдай жасалған.

Білім сапасын арттыру, жас шәкірттің қабілетін шыңдау өмірден өз керегін ала білуге үйрету ұстаз үшін бейнетпен келетіні анық. Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздарымыздың еңбегі еш кетпейтініне сенім мол.

Бүгінгі күні білікті кадрлар жұмыс жасайтын бұл білім ордасы әлі де мықты маман, Отанға қызмет етер талай түлектерді тәрбиелейді. Тарихы кемел, руханияты биік білім ордасының алар асуы алда. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын іргетасы қаланып, талай ұрпақтың көкірек көзін ашқан бұл мектеп атауы тарих сахнасында алтын әріппен жазылары сөзсіз.

Гүлсезім ШЫМАНОВА,
С.Сейфуллин атындағы
№4 ІТ мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!