Білім беру саласында жемқорлықты ауыздықтау – басты бағыт. «Таза сессияның» да межелі мақсаты осы. Жақында «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы ЖҚ мүшелері студенттер арасында аталған акцияны ұйымдастырды.

Акция аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда және «Болашақ» университеттерінің 600-ден аса білім алушысы сауалнамаға жауап берді.

«Қазір жоғары оқу орындарында жемқорлықтың кең таралуы өзекті мәселе. Білім алушылар сауалнамада берілетін 22 сұраққа бөгде кісілердің араласуынсыз жауап берді. Енгізілген сұрақтар жемқорлық әрекеттеріне байланысты әзірленген. Құпиялықты сақтау мақсатында жеке сұрақтарды енгізуге қатаң түрде тыйым салынды», – деді «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы ЖҚ жетекшісі Медет Жорабек.

Бұған дейін «Amanat» партиясы саяси кеңесі бюросының шешімімен 2025 жылға дейінгі жастар саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын «Жастар – Отанға!» бағдарламасының республикалық және аймақтық жол карталары қабылданған болатын. Аталған шара жергілікті Жол картаның 20-тармағына сәйкес ұйымдастырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!