Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастарды жаңа технологияны меңгеруге шақырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшысы қазірден бастап жоғары білім саласына өзгерістер керегін атап өтті.

«Біз жоғары білім мен ғылымда батыл қадамдарға баруға, тәжірибе жасауға әзірміз. Ұлттық куррикулумға әртүрлі элементті инкорпорациялап жатырмыз. Біз жоғары оқу орындарына барынша еркіндік беріп жатырмыз. Мысалы, биылдан бастап жоғары оқу орындары білім беру мазмұнының 91-95 пайызын өздері анықтай алады. Онда серіктестің, жергілікті экономиканың ерекшелігі, нақты жұмыс берушінің талабы ескеріледі. Олар оқу мерзімін де өздері анықтайды», – деді министр елордада өтіп жатқан Nobel Fest фестивалінде.

Оның сөзінше, бүгінде кейбір техникалық мамандарды жұмыс берушінің талабын ескеріп, тез дайындау керек.

«Бакалавриатты 4 жыл емес, 3-3,5 жылда оқып бітіруге болады. Astana IT университетінде пилоттық жоба бар. Ол өзін жақсы жағынан көрсетті. Онда бакалавриатты 3 жылда оқуға болады. IT салада жұмыс беруші «мен күте алмаймын, кадрды тез дайындап бер» дейді. Онда (студенттерді) теорияға көп оқытудың керегі жоқ, тек қолданбалы (пәндерді) оқытып, тез дайындау керек», – деді Саясат Нұрбек.

Министр болашақта жаңа технологияны үйренгісі келмейтіндер жұмыссыз қалады деген ұстанымда.

«Біріншіден, тәжірибе жолы білім беру жүйесін тәуекел жасауға итермелейді. Екіншіден, біз өзгерістердің қатыгез, жылдам болатынын түсінуіміз керек. Сондықтан бұл көптеген елдің үкіметтерімен, соның ішінде білім беру министрліктерін батыл, тез шешіп қабылдап, өзгерістер жасауды талап етеді. Себебі қазір жылдам өзгеріп жатқан әлемде бұл өзгерістерсіз көптеген оқу бітірген түлек, студент, қызметкер бәсеке қабілетсіз болып қалады. IBM-нің айтуынша, жасанды интеллектіні үйренгісі, дос болғысы келмейтіндерді (осы технологияны) меңгергендер (бәсекеден) ысырып тастайды», – деді ол. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!