Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында «Ұстаздар − ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, замануи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деді.

Міне, ел Президентінің бір тармаққа тоғыстырған сөздері Қызылорда қаласындағы «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының жұмысын сипаттағандай көрінеді. Расында да, бұл қоғамдық қор үздіктерді іріктеп, болашақ педагог шығаруда аймаққа, елімізге үлес қосуда.

Ол болашақ педагогикалық бағыттағы білім алатын студенттерге қолдау көрсетіп келеді. 2020 жылдан бері қоғамдық қордың жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Бүгінде 107 шәкіртке білім мен тәрбиені қатар беріп, шәкіртақы тағайындау арқылы да көмек беруде. Бұған дейінгі 17 түлегін еліміздің алдыңғы шептегі мектептеріне мұғалім қызметіне орналастырған. Міне, ұстаздық саланың қоғамға маңызын кеңінен насихаттап жүрген қордың тағы бір мақсаты − әрбір ұстаз өз пәнін ағылшын тілінде еркін бере алуына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта «Білім Ыбырай» аптасына үш рет ағылшын тілінен тегін сабақ беріп, тіпті халықаралық ағылшын тілі деңгейін анықтайтын «IELTS» емтиханына дайындайды.

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін оқу жылының басталар уақытында қоғамдық қор шәкірттеріне «Why English?» атты мотивациялық іс-шара ұйымдастырды. Бұл іс-шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі − Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева қатысты. Ол университет пен қоғамдық қор арасындағы байланыстың тығыз екенін сөзге тиек етіп, студенттердің белсенділігіне ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, қоғамдық қордың стипендиаты болу үшін қойылатын бірінші талаптың бірі − Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті болу. Кеш барысында Айдана Орынбасарова мен Айша Әубәкір «Ағылшын тілі өмірімді қалай өзгертті?» деген сауалға питчиң жасады. Ал Оңтүстік Корея мемлекетінің Кангнам университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білімін жетілдіруге кеткен Айгерім Менлібек пен Жауқазын Қазыбекқызы қоғамдық қорға бейне түсірілім арқылы алғысын жеткізді. Бұдан бөлек «Білім Ыбырайдың» атынан халықаралық «IELTS» емтиханын тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен 12 шәкіртке алғыс хат табысталды. Іс- шара соңында кездейсоқ анықтайтын платформа арқылы бір студентке «IELTS» емтиханын тегін тапсыруға мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ жуырда Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларында «Мұғалім» жобасын жүргізетін қоғамдық қор өкілдерінің алғашқы отырысы өтті. Жиында оңтүстік аймақтағы болашақ ұстаздарды дамытуға арналған жобаның жаңа оқу жылындағы академиялық жоспары мен іс-шаралар тізімі бекітілді. «Кемел болашақ», «Білім Ыбырай» және «Тамшы» қоғамдық қорларының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланды.

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!